Түркістан облысында жыл басынан бері 45594 сәби дүниеге келген

Түркістан облысы елімізде бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облысында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. 14 қараша күні Түркістан облысында 13 сәби туылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында «Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді» деген болатын. Дәл осы күні жалпы облыста 139 бала дүние есігін ашса, Түркістан қаласында 11 сәби туылған.  Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3 Облыстық перинаталдық орталығына барып, жас босанған аналарды құттықтады.

– Қазақстанда қуанышты жағдай. Себебі Қазақстан Республикасы бойынша адам саны 20 миллионға жетті. Түркістан облысы осы тұрғыда ерекше үлес қосып келеді. Медицинасы дамыған шет мемлекеттерде білімі мен біліктілігін жетілдіріп, тәжирибе жинақтап келген мықты дәрігерлердің арқасында және перзентханада барынша жағдай жасалғандықтан ана мен бала өлімі азайып, өңірде бала туу көрсеткіші жоғары деңгейден көрінуде, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Аналар жағдайымен танысқан соң облыс әкімінің орынбасары ақ халатты абзал жандармен кездесті. Еркін форматта сауалдар қойылып, пікір алмасты, сондай-ақ өтініштері пен ұсыныстарын тыңдады.

№3 Облыстық перинаталдық орталығында 2022 жылы жалпы 10488 ана босанған. Үшемдер саны – 3, егіздер – 141-ге жеткен. №3 Облыстық перинаталық орталықта өңірлендіру аймақтары, атап айтқанда, Кентау қаласы, Созақ, Отырар, Сауран ауданынан келіп босанған әйелдер 34,8% құрады. 2023 жылдың 10 айлық есебіне тоқталсақ, 8558 ана босанған. Үшемдер саны – 2, егіздер – 112-ге жеткен. Орталықта Түркістанға жақын маңдағы аудан-қалалардан келіп босанған әйелдер үлесі мол.

Айта кетейік, 1991 жылы Қазақстанда халық саны 16,4 млн болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны – Түркістан облысының Жетісай ауданында дүниеге келді. 35 жастағы Гүлмира Ізтілеуова Асықата ауруханасында Әлімхан есімді сәбиді дүниеге әкелді. Бұл Шакеновтер отбасындағы төртінші бала. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, құттықтады. Алдағы уақытта да өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту, ана мен баланың жағдайын жасау бағытында жұмыстар қарқынды жүзеге аспақ.

ПІКІР ЖАЗУ