Түлкібас: кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті
Аудан әкімінің орынбасары Е.Ормановтың төрағалығымен өткен кезекті комиссия отырысына аудандық прокуратураның прокуроры Е.Өскенбаев және мектеп директорлары қатысып, күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды.
Олар:
- Мектептерде «Қызылша», «Теміреткі» ауруларының таралуын алдын алу шаралары.
- Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу;
- Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу профилактикалары;
Бүгінде елімізде «қызылша» жұқпалы ауруы белен алып отырған баршаға аян. Ауданымызда инфекция ағымдағы жылдың шілде айынан бері 235 азаматтан анықталса, қыркүйек айынан бері 6 мен 16 жас аралығындағы 33 мектеп оқушысы жұқтырған.
Бұл туралы жиында аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Түктібай мәлімдеді.
Сонымен қатар, ауданымыздың бас санитары жұқпалы дерт анықталған мектептерде жүргізілген тергеп-тексеру жұмысының барысын баяндап, білім ошақтарының директорларына санитарлық талаптарды қатаң сақтануға шақырды.
Биылғы жылы ауданда кәмелетке толмағандардың қатысуымен 19-жол көлік оқиғасы, 16-ерте жүктілік және 2 өзін-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Суицидтің 1-і өкінішке орай аяқталған, ал екіншісі оқталған. Ал, ерте жүктілік фактілері 13-колледж білімгерлерінен, 3-мектеп оқушыларынан(18 жасқа толған) анықталған. Барлық жағдайда тұрмыс құрылған.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты басшылардың баяндамасынан соң прокуратура өкілі Ердесбек Жолымбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары Ербол Керімбекұлы кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар мен рейдтік шараларды күшейту керектігін ескертіп, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында санитарлық талаптарды қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар, басқосуда ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізіп, балалардың тиым салынған сайттарға кірмеуін қадағалау мақсатында ұялы телефондарына ата-ана бақылауы (родительский контроль) тетігін орнату бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізу керектігі айтылып, мектеп психологтарына тәуекел топтағы балалармен жұмысты жандандыру жағы талқыланды.
Жиынды қорытындылай келе, Ербол Керімбекұлы мектеп директорларына сыбайлас жемқорлықты болдырмау алдын-алу мақсатында сөз қозғап, қоғам дертінен аулақ болуға шақырды.