Созақ: аудан оқушыларының ғылыми сауатын арттыруға бағытталған семинар өтті

Республикамыздағы жалпы орта мектеп оқушыларына арналған «ҒЫЛЫМИ САУАТТЫ АРТТЫРУ» жобасы  аудан аумағындағы мектептерде жалғасып, арнаулы семинарлар ауыл мектептерінің оқушыларына арналып отыр.

NATIONAL GEOGRAPHIC-тің 4 тренері екі күн бойы Созақ ауданындағы 32 мектепте семинарлар өткізді. Олар оқушыларға әлемдік деңгейдегі ғылыми-танымдық материалдарды, соның ішінде 135 жылдық тарихы бар, география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фото-бейне деректердің бай қорын қалыптастырған NATIONAL GEOGRAPHIC журналының ресурстарын мектепішілік, тақырыптық ғылыми жобаларға пайдалану әдістерін таныстырды.

Жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» бастамасына орай «КАТКО» бірлескен компаниясы қолдау көрсетті.

Жобаның негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі сапалы ғылыми контенттердің қазақ тіліндегі қолжетімділігін кеңейту, қоғамда ғылымға деген қызығушылықты, ынта-ықыласты арттыру. Соған орай оқушылардың ғылымға, зерттеу жұмыстарына деген қызығушылықтары мен ынта-ықыласын оятатын, ғылыми сауатын арттыратын қызықты деректер мен айғақтардан мысалдар келтіріліп, ғылыми жоба әзірлеу әдістері көрсетілді.

Семинар өткізген тренерлер қоршаған ортаны қорғау мен іргелі ғылым салаларындағы соңғы әлемдік зерттеулердің көрнекі нәтижелерін бөлісіп, оқушылардың практикалық дағдыларын ұштауға ден қойды.  

Оқушылар қосымша ұсынылған материалдарды түсіну, талдау, тапсырманы игеру дағдыларын қолданып, өздерінің ғылыми жобаларын әзірлеу мүмкіндіктерін сынап көрді.

Сондай-ақ осы іс-шара қорытындысы бойынша оқушылар арасында ұйымдастырылған шағын ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ПІКІР ЖАЗУ