Түлкібас: кітапхана кемеңгері байқауы өтті
Түлкібас аудандық орталық кітапханасында «Кітапханашы беделі» жобасы аясында «Кітапхана кемеңгері» байқауы өтті. Кітапханашылардың біліктілігін арттыру, шығармашылық жұмыстарына серпін беру, кітапханаға оқырман тартудың жаңа тетіктерін табу, кітапханалық кеңістіктің оқырман үшін ашық және тартымды болуын қалыптастыру, рухани орда қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында өткен додаға кітапхана саласында еңбек өтілі көп, өз ісінің майталмандары қатысты. Байқау басында ауданымыздың айтыскер ақыны Серік Жұмаділ кітапханашыларға арнаған арнауын айтып, оларға жігер сыйлады.
Сайысқа аудандық тілдер орталығының директоры Бақыт Дәулетов, кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Закира Пернебекова және Шақпақ баба ауылдық кітапханасының меңгерушісі Рысбек Игенбаев қазылық етті.
Үш бөлімнен тұратын додада кітапханашылар өздері оқыған шығарманы баяндап беріп, қазақтың фальклорлық жанры ертегіні бүлдіршінлерге түрлі форматта айтып берді. Үшінші кезең бойынша кәсіби және салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орын Абай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Талдыбеков Әбілғазымға бұйырды, екінші орынды аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Омарбекова Назира иеленсе, бірінші орын тұғырынан Жаңаталап ауылдық кітапханасының кітапханашысы Турабаева Баян көрінді.
«Кітапханашы беделі» жобасы аясында алдағы уақытта да кәсіби біліктілікті арттыруға арналған байқаулар өз жалғасын таба бермек.