ШЫМКЕНТ: Депутаттар көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапары барысында Қаратау ауданында орналасқан «Shymkent City» шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бүгінгі күні «Damdes Құрылыс invest» ЖШС-і «Шымкент сити» шағын ауданындағы он қабатты 6 тұрғын үйдің (№1,10,9,8,7,6) құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Нысан инвестициялық жоба ретінде «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен «Damdes Құрылыс invest» ЖШС арасындағы келісім шарт негізінде жүзеге асылуда. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 29 622 шаршы метрді (420 пәтер) құрайды. Қазіргі таңда. нысандардың қаржыландыру үлесі 75%-ды, яғни 4,2 млрд. теңгені құрап отыр.
Аталған көп қабатты тұрғын-үйлер – «Шаңырақ 5-10-20», «5-20-25», сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша сату жоспарлануда.
Тұрғын үй кешендерінің бүгінгі құрылыс барысымен танысқан мәжіліс депутаты Берік Серікұлы тұрғын үй нысандарына мемлекет бюджетінен де қаржыландыру қарастырылғандықтан, әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмау қажеттігін баса атап өтті. Соның ішінде, салынып жатқан 420 пәтердің арасынан тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға да баспана қарастырылу керектігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта бұл мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын нақты қолға алатынын жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты мәжіліс депутаты Фахриддин Әбдінабиұлы тұрғын үй салуға қажетті құрылыс материалдарының басым көпшілігі Отандық болғанына қарамастан, бүгінгі күні баспана бағасының өсуіне алаңдаушылық білдіріп, Мәжіліс отырыстарында бұл мәселені көтеру арқылы нарықтағы бағаның тұрақсыздығын анықтайтынын алға тартты.
Сондай-ақ, халыққа барынша қолайлы жағдай жасалу қажеттігін жеткізіп, көлік тұрағы мен балалар ойнайтын алаңшаның орналасу аймағын қайта қарастыру бойынша да ұсыныстарын білдірді.
Алдағы уақытта Мәжіліс депуттатары тарапынан білдірілген ұсыныстар Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Мұрат Әйтеновтің назарына ұсынылып, жан-жақты талқылану жоспарланып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ