Мақтааралда мүмкіндігі шектеулі азамат өз таңдауын жасады

Мақтаарал ауданында І топ мүгедегі, мүмкіндігі шектеулі азамат Нұрмахан Ахметов өз таңдауын жасады. Бірлік ауылдық округі Қоңырат елдімекенінің тұрғыны еліміздің жарқын болашағы үшін өтіп жатқан бүгінгі саяси науқанның маңызы өте зор екенін атап өтті.

“Мемлекет басшысының және ол ұсынған конституциялық реформаларды қолдау менің тарих және болашақ алдындағы қасиетті борышым. Бүгін мен Конституциялық құқығымды толық пайдаланып, өзімнің таңдауымды жасадым. Жаңа Қазақстанда әлеуметтік тобына, шығу тегіне қарамастан барлық азаматтарға тең дәрежеде жағдай жасалатынына сенім білдіремін” – деді мүмкіндігі шектеулі азамат.

Нұрмахан Ахметов мүгедектер арбасымен жүруіне қарамастан, көптеген қайырымды істермен айналысып келеді. Ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетумен қатар, өзінің туған өлкесінің, ауылының тазалығын сақтау мақсатында жастарды біріктіріп, бірнеше рет тазалық жұмыстарын атқарған.

Мүмкіндігі шектеулі азамат саяси белсенділігі арқылы еліне, туған жеріне қызмет етуді мақсат тұтқан. Сондықтан, ол елдегі әрбір саяси науқанға, реформалар мен өзгерістерге бейжай қарамайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 59 референдум учаскесі таңнан бері жұмыс істеп тұр. Аудан аумағында республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 70587 азамат тіркелген.

ПІКІР ЖАЗУ