Bainews.kz ақпараттық-сараптамалық сайты
Жаңалықтар

Алматы облысында Бірлік күні кең ауқымда тойланды

Бүгін Алматы облысында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Айтулы шараның бірі облыс орталығы Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Мереке аясында велошеру өткізіліп, оған 200-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары, спортшылар қатысты. Орталық алаңда қолөнер шеберлерінің, этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұсынылды. Сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, маңызды мерекенің мәнін айшықтай түсті, – деп хабарлайды Алматы облысының әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

«Бұл мереке – елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметі мен ыстық ықыласын айшықтайтын ерекше күн. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тіркелген болса, оның 105-і Алматы облысында өзара келісім мен бірлікте өмір сүруде. Өңірімізде белсенді жұмыс атқарып жатқан 34 этномәдени бірлестік облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы орайда, этномәдени орталықтардың, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелеріне ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарып келе жатқан еңбегі үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтау хаты оқылды.

«Алматы облысы – этносаралық келісім мен татулықтың жарқын үлгісі. Мұнда түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен сенімге негізделген ортада салт-дәстүрлерін сақтай отырып, кемел келешектің іргетасын бірге қалауда. Ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестеріңіз зор, құрметке лайық», – делінген хатта.

Осылайша, облыс тұрғындары татулықтың жаршысы болған айтулы мерекені ықыласпен атап өтіп, маңызын терең сезінді.

Сәйкес жаңалықтар

Құрсай шағын ауданы ауызсумен толық қамтылады

admin

Орта Азия елдері күш біріктіруі тиіс

admin

Түркістан облысында 900 орындық мектептің құрылысы басталды

admin