Мақтаарал ауданында 5400 дана көшет отырғызылды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы елдімекендер аумағында 5 жыл ішінде 15 миллион ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігімен бекітілген “Түркістан облысының елдімекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарын” іске асыру мақсатында басқармаға аудан әкімдіктеріне қарасты  елдімекендерді көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мәселесі жүктелген болатын.

Өткен аптаның соңында аудан әкімі  Бақыт Асановтың бастамасымен барлық мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік қызметкерлер сенбілікке шығып, үлкен жолдардың бойы мен елдімекендердің аумағында 5400 дана көшет отырғызды. 

“Аудан көлемінде ағаш көшеттерін отырғызып, көркейту, көгалдандыру жұмыстары ешқашан тоқтамауы тиіс. Бабаларымыз ағаштың пайдасы жайлы өте көп даналық сөздер айтып кеткен. Сондықтан, қоршаған ортаға деген жанашырлық әр адамның жүрегінде болуы тиіс. Мақтааралымызды жасыл желекке айналдыру жолында әрбір тұрғын атсалсыуы керек” – деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы 500-ге жуық адам қатысқан сенбілікте негізінен көшеттің қара ағаш түрі А-15, КХ-100 тас жолы мен К-18 каналының бойына отырғызылды.

Айта кетейік, аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына тапсырма беріп, егілген көшеттердің жайқалып өсуі үшін қолайлы жағдай жасау керектігін ескертті. 

ПІКІР ЖАЗУ