Иранда үш күндік аза тұту жарияланды

Иранның Шахид Раджаи портында жарылыс болып, 28 адам қаза тапты. Тағы 1139 адам жарақат алған. Хормозган провинциясының губернаторы Мохаммад Ашури үш күндік қаралы күн жариялады. Бұл туралы BAQ.KZ IRNA ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өрт 80 пайызға ауыздықталды, қалған 20 пайызды ауыздықтау жұмыстары жалғасуда, – деді Иран үкіметінің баспасөз хатшысы Фатеме Мохаджерани. Оның айтуынша, жағдай бақылауда.

New York Times ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, жарылысқа қатты зымыран отынында қолданылатын натрий перхлораты себеп болуы мүмкін деп хабарлайды.Associated Press жарылыс затты дұрыс сақтамаудан болған деп жазады. Порт зымыран отынын наурыз айында алды.

Жарылыс 26 сәуірде болды. Дыбыс жарылыс болған жерден 26 шақырым жерде орналасқан Кешм аралында да естілді. Шахид Раджаи – транзиттік жүктердің көп бөлігі өтетін Иранның ең үлкен порты. Жарылыстан кейін ол жұмысын тоқтатты.

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президентіне қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

ПІКІР ЖАЗУ