Астанада тағы 50 үйдің тұрғындары автотұрақты тегін пайдалана алады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада тұрғындар тегін пайдалана алатын автотұрақ тізімі кеңейтілді. Тізімге елорданың әртүрлі аудандарындағы 50-ден астам жаңа мекенжай енгізілді. Бұл ақпарат astanapark.kz сайтының «Тұрғындар» бөлімінде жарияланды.
– 2023 жылдың қазан айынан бастап тұрғындар үй аумағындағы ақылы автотұрақтарға көлігін тегін қоюға мүмкіндік алды. Алайда кейбір мекенжайлар тізімнен табылмады. Сондықтан да 2024 жылдың қаңтарында тізімді жаңа баптармен толықтыру туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады «Astana Parking Space» компаниясының баспасөз қызметі.
Мекенжайыңызды аталған сайттың «Тұрғындар» бөлімінен таба аласыз. Кейін үй аумағында тегін көлік қою құқығын беретін абонемент алуыңыз керек. Ол үшін веб-сайтта тіркеліп, онлайн өтінім беру қажет. Автотұрақ билеті тек бір пәтерге беріледі. Тұрғынның көлігі Астанада «01» сериямен тіркелуі тиіс.
– Айта кетейік, қазірдің өзінде Астанада 3 мыңнан астам адам тұраққа рұқсат қағазын алды. Бұл мәселе өзекті болып қала береді. Өйткені 2023 жылдың 1 қазанынан бастап елордада көлік тұрағы демалыс және мереке күндері ақылы болды, – деп қосты баспасөз қызметі.