Түркістан: Кентау қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтілуі тиіс

Кентау қаласын дамыту бағытында жұмыстарды жандандырып, тың жобаларды жүзеге асыру керек. Әсіресе, шаһардың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентауға іссапармен барып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өткізді. Жауапты басшылардың баяндамалары мен есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Алдынғы кездесуде «Кентау-Сервис» кәсіпорнының кредиторлық берешегін азайту бойынша тапсырма бергенмін. Бірақ, берешек азаюдың орнына артып отыр. Сонымен қатар дебиторлық берешек бойынша да жұмыс атқарылмаған. Биыл 9 айдың қорытындысымен Кентау қаласы бойынша 15 көрсеткіштің 3-еуі орындалмаған. Жылыту маусымының қалыпты өтуі үшін жабдықтардың барлығын жедел және сапалы түрде іске қосып, жұмыстарды жеке бақылауға алыңыз. Инфрақұрылымды жақсарту – қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын үйлердің келбетін ретке келтіруге, жолдарды жөндеуге қаражат бөлінуде. Бірақ жұмыстардың сапасы  төмен деңгейде. Қазір Кентау қаласында барит концентратын өндіру зауытын салу бойынша инвестициялық жоба пысықталуда. Жобаның құны 14,5 млрд. теңгені құрайды. Бірақ бір ғана ірі жобамен шектелмей, жұмыстарды жалғастыру керек. Қалада сүт өнімдерін өндіруге, жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеуге мүмкіндіктер бар. Осыған байланысты, аталған бағыттарда жұмысты күшейту қажет, – деген Дархан Сатыбалды өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар басты назарда болуы тиіс екенін, Қытай сапарынан нәтиже шығару керектігін жеткізді.

– Қаланың инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар ашылған. Бірақ өз тиімділігін көрсете алмады. Осыған орай, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеп, әр жоба бойынша сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударыңыз. Кентау қаласына қарасты ауылды елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамыту керек. Бұл бағыттағы жұмыстар назардан тыс қалған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл қорытындысымен 11,3 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта тек 9,7 млрд. теңгеге орындалған. Агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін жоғарылатуға басты назар аудару қажет, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы есеп берді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Кентау қаласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Кентау қаласында өнеркәсіп саласында  32,6 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, жоспар 400 млн. теңгеге орындалмаған. Өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 28,2 млрд. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығында 1,6 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аздап төмендеген. Кентау қаласы бойынша кірістер жоспары 2,1 млрд. теңге көлемінде жоспарланып, нақты түскені 2,3 млрд. теңгені құрады.

Облыс басшысы қала әкімі мен жауапты басқармаларға индустриалды аймақтарды дамыту, зауыттар ашу, білім саласындағы түйткілдерді шешу, санитарлық тазалықты жақсарту және өзге де мәселелерді реттеу бойынша тапсырмалар берді.

ПІКІР ЖАЗУ