Таулы аймақтың табысы да қомақты

Негізі 1932 жылы қаланған Төлеби ауданы биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Атаулы датаны жоғары деңгейде өткізу мақсатында алдымен іс-шаралар жоспары түзіліп, барлығы рет-ретімен орындалды. Соның нәтижесінде қала, аудан орталықтарында, көше бойларында, халық көп шоғырланатын орындарда арнайы билбордтар, паннолар, кермелер орнатылды. Мұнан бөлек, аудандағы 90 жастағы ардагерлердің тізімі жасақталып, оларға құрмет көрсету жоспарға енгізілді. Аудандағы аз қамтылған отбасыларға жыл бойы қайырымдылық шарасын өткізуді ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. Біз осынау атаулы мереке қарсаңында аудан әкімі Төлеген ТЕЛҒАРАЕВПЕН  сұхбатымызды аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен торқалы тойға дайындығымен танысуға арнадық.

– Төлеген Тұртайұлы, сіз басқаратын аудан өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Осы 90 жылда аудан қай салада болмасын жоғары көрсеткіштерімен көзге түсіп келді. Әрине, мұның бәрі кезінде баспасөзде жазылды. Сондықтан біз әңгімемізді биылғы жылдың қорытындысымен бастасақ…

– Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы он айдың қорытындысы бойынша 110 млрд. теңгеге жуықтады, яғни  өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артып отыр. Мұның өзі де қомақты көрсеткіш. Егер сала-салаға бөліп, әрмен қарай сандарды сөйлететін болсақ, оның 58 млрд. теңгесі ауыл шаруашылығы, 35 млрд. теңгесі өнеркәсіп салаларының еншісінде. Алдағы уақытта ауыл  шаруашылығы саласындағы өнім көлемін 60 млрд. теңгеге жеткізсек деп отырмыз. Ауданымызға биыл тартылған инвестиция көлемі 15 млрд. теңгені құрап отыр. Оның 4 млрд. теңгеден астамы бюджеттік инвестиция болса, қалғаны – бюджеттік емес, жеке инвестиция. Бюджетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әжептәуір өсті, қазіргі таңда

22,5 млрд. теңгеге жетті. Тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіп саласы да қарқынды даму үстінде. Сонымен қатар, туризм бағытына да ерекше мән беріп отырмыз. Ауданымыздың орналасқан жері таулы аймақ болғандықтан,  мұнда туристер көптеп келеді. Соған орай «Біркөлік» және «Қасқасу» шатқалдарында демалыс аймақтары, сауықтыру орталықтары орналасқан. Бір жылдың ішінде өңірімізге 50 мыңға жуық адам келіп, демалып қайтады. Бұл – біздің экономикамызға туризм саласы да өзіндік үлесін қосып жатыр деген сөз.

Өнеркәсіп саласында 20-дан астам ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Шағын және орта бизнес субъектілерінде бүгінде 17 мыңға жуық адам еңбек етуде. Біздің «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тек облыс жұртшылығы ғана емес, республика жұртшылығы біледі. Сондай-ақ, «Фудмастер» өнімдері де бүкіл елімізге танымал. Оны Төлебидің бренді деуге болады. Мұнан бөлек біздің мақтаныш тұтар брендіміз, әрине, қымызымыз. Біздегі 85 шаруашылық осы қымыз өндірумен айналысады. Сондай-ақ, тауда бал арасын өсірушілер де жеткілікті. Жақында ғана өткен «Алтын күз» іс-шарасында біздің шаруалар ет, мақсары өндіруден, жылқы шаруашылығын дамытудан озат аудан болып танылды.

– Мұндай көрсеткіштен кейін аудан халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай деп сұрау артық сияқты…

– Соңғы санақ бойынша аудан халқының саны 122 мың болды. Оның 48 мыңы экономикалық белсенді тұрғындар деп саналады. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр. Халық үшін маңызды деп естептелетін инфрақұрылым мәселесіне келсек, ол да бізде жақсы қарқынмен дамып келеді. Кеше ғана болып өткен Ұлықтау рәсімінде Президент ауылға байланысты Жарлыққа қол қойғанын айтты. Қазіргі таңда бізде табиғи газбен қамту мәселесі 88 пайызға жетіп отыр. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы екі жылда жол мәселесін  95 пайыздық қанағаттанарлық жағдайға жеткізуіміз керек. Біз бұл межеге қазірдің өзінде жетіп отырмыз. Облыстық маңызы бар жолдарымыздың қанағаттарлық жағдайы 96 пайызды құрап отыр, аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 90 пайызға жетті. Ал, ішкі көшелеріміздегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайын 73 пайыздан 80-ге жеткіздік, алдағы екі жылда оларды да 90 пайыздан асыратын боламыз.

Ауыз су мәселесіне келсек, аудандағы 55 елді мекеннің 54-інде су құбырлары тартылған. Қалған бір ауылға су құбырын жүргізу үшін құжаттар әзірленді, енді сол жерге су тартылса аудан халқы ауыз сумен толық қамтылды деуге болады. Бірақ, екінші жағы да бар. Бұл – бұрынғы су құбырларының тозығы жетуі. Кейбір ауылдың ауыз су торабы мен ауыз су жүйелері реконструкциялауды қажет етеді. Олардың барлығын 20 жылға жетерліктей етіп ауыстыру керек. Мұның бәрі, әрине, бір жылда шешіле салмайды, жылда кезегімен атқарылуы тиіс тірлік.

Халықпен кездесулерде айтылатын негізгі өтініштер де осы инфрақұрылым мәселесіне байланысты болады. Адамдар ауылына жол, газ, көше жарығы керектігін айтып келеді. Жерге қатысты да сөз болады, әсіресе жайылым тапшылығы проблемасы күрделі екендігі жасырын емес. Себебі, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді, соған орай мал басы да көбейіп жатыр. Жайылым туралы заңға сәйкес әр малға белгіленген өзінің нормативі бар, сол нормативке сәйкес қарайтын болсақ, өте көп көлемде жер керек. Ондай жер табылмайды, әрине. Сондықтан бар жайылымдық жерді тиімді пайдалануымыз керек.

Ал, баспана мәселесіне келсек,  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 180 пәтер салынып, оның 120-сы пайдалануға берілді. Енді қалған 60 пәтерді жақын арада береміз. Мұнан бөлек, бес елді мекенде тұрғын үй салуға алқаптар бөлінген. Соған республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, сол елді мекендерді қазіргі таңда электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша желілер тартылды, сумен қамту үшін су құбырлары тартылды.  Енді жол мен газ қалып отыр, келесі жылы газ үшін қаржы бөлінеді. Сол себепті жарық, су, газ мәселесі шешілді деп айта беруге болады. Сол барлық бес елді мекенді қосып есептегенде 250 гектар жерге 1008 отбасы баспана тұрғызып алады. Айта кетейік, жер телімін алуға кезекте 7 мыңнан астам адам тұрса, тұрғын үй кезегінде 4,5 мыңға жуық адам тұр. Үйлер салынып, ол баспанаға мұқтаж жандарға беріліп жатады, бірақ, артынан кезекке тіркелушілер толастамайды, сондықтан бұл мәселе өте күрделі. Үймен бірінші кезекте әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды қамтуға тырысамыз, оның ішінде аз қамтылғандары, көп балалы аналар, жетімдер бар.

– Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың көңілінен шығатындай тағы қандай жұмыстар атқарылды?

– Осы тәуелсіздік жылдары біздің ауданымыз құрылыс алаңына айналды. Көптеген әлеуметтік нысандар пайда болды. Қаншама мектептер салынды, ауруханалар бой түзеді. Ал, биыл көптеген саябақтарымызды жөндеуден өткіздік. Арнайы демеушілердің есебінен Орталық саябақта жаңа үлгідегі ардагерлер үйі салынды. Ғимараттың ішінде 40-50 орынды қымызхана, одан бөлек шахмат ойнайтын орын, ал, әжелерге керемет жабдығымен  асхана бар. Ең бастысы, аудан орталығындағы үлкен шатқалда биіктігі 23 метр болатын Төле би бабаның ескерткіші орнатылды. Ол аудан тумасы Әсет Қайыпбековтің демеушілігімен жүзеге асты. Ауданның мерейтойына тағы бір тарту – ол спорт кешені. Бұл әлеуметтік нысан асар тәсілімен бой көтерді. Нысанның жылу жүйесін де жомарт азаматтар өз есептерінен жасатып берді.

Жалпы, 90 жылдыққа жыл басынан бері көптеген спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілді. Білім мекемелерінде тарихи-тағлымдық іс-шаралар, Төлеби ауданынан шыққан атақты спорт, өнер және ғылым қайраткерлерімен кездесу ашық тәрбие сағаттары  түрінде өткізіліп отырды.  Спорттың 7 түрінен (аударыспақ, жамбы ату, арқан тарту, қошқар көтеру, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату) облыстық «Көшпенділер» сайысы өткізілді. Төлеби ауданы жөнінде деректі фильм дайындалып, жастар арасында «Көңілділер мен тапқырлардың» аудандық байқауы ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары арасында «Береке – бірлік бастауы» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді.

– Ашық әңгімеңізге рахмет! Тойларыңыз тойға ұлассын!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,

«Ońtústik Qazaqstan».

ПІКІР ЖАЗУ