Жетісайлықтар жылды қорытындылап, агросектордың үздіктерін марапаттады

Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы, Əлемдік Сауда Ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық жəне қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болғандықтан аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн стратегиялық жағынан аса маңызды.

Нарықтық экономика жағдайында Қазақстан Республикасының əлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту үдерісі өндірістің, əсіресе, ауыл шаруашылығының тиімділігін тұрақты əрі бекем арттыру үшін шаруашылық жүйенің тұрақты дамуын талап етеді. Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі саласы болғандықтан ішкі жалпы өнімнің 4,4%-ы осы салаға тиесілі.

Негізгі табысы агросалаға тікелей байланысты жетісайлықтар жылды қорытындылап, ауданының агроөнеркәсібін дамыту ісінде үздік шыққан шаруалар марапатталды, сый-құрметке бөленді. Ауыл шаруашылығы техникалары мен өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Аталмыш шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, аудандық мәслихат депутаттары, қала, кент  ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы саласында үздік танылған шаруалар, БАҚ өкілдері қатысты. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы саласында 2023 жылдың 9 айында 69,2 млрд теңгенінің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,7 пайызды құраған.

79 273,4 га жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан 86 992,7 тонна көкөніс, 3 338 тонна картоп, 614 152 тонна бақша, 63 521 тонна мал азықтары, 31 450 тонна дәндік жүгері, 4 266 тонна күріш пен 113 576 тонна мақта өнімі жиналған. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 5 млрд 380 млн теңге, тамақ өнеркәсібінің негізгі капиталына 777 млн теңге инвестиция тартылып, 1236 га жерге бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы енгізілген.

Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 1977,9 тонна жанар жағармай бөлінсе, «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасы аясында 1 млрд 518,3 млн теңгеге қабылданған 299 жобаның 1 млрд 290,4 млн теңгеге есептелген 224 жобасы мақұлданған. Оның ішінде 172 жоба 999,3 млн теңгеге қаржыландырылса, 1 млрд 245 млн теңгені құрайтын 153 жоба жұмысшы топтың қарауында.

Аудандағы мал басы санының өсуі нәтижесінде 6,7 мың тонна ет, 43,8 мың тонна сүт және 7,3 млн дана жұмыртқа өндіріліп, ағын суды үнемдеу мақсатында қосымша 70 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілген.

Шаруалардың мол өнім алуына себеп болатын факторлардың бірі – мемлекет тарапынан берілетін жәрдемдерді уақытылы алған Жетісай ауданы жемісті жылдың жетістіктері баяндалатын ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің облыстық «АLTYN KÚZ – 2023» мерекелік іс-шарасында «Ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенін даму көрсеткіштерін орындау бойынша» жүлделі ІІ орынды иеленген болатын.

Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласында түрлі салаларда – өнім өндіру мен экспорттауда, жаңа технологияларды қолдану мен техникаларды жаңалауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген округ әкімдері мен шаруа қожалық төрағалары арнайы номинациялармен марапатталды.

Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

ПІКІР ЖАЗУ