Түркістанда қаржы саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Бүгін Түркістанда Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің 30 жылдығына орай облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, сала мамандарын құттықтады.
– Сіздерді Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесінің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толуымен және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге еліміздің қаржы жүйесінің дамуына және нығаюына, өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Тәуелсіздік туы астындағы 30 жылдан астам уақыт ішінде мемлекетіміз дамудың талай белесін артқа тастап, қиындықтарды жеңіп, жылдан-жылға гүлденіп келеді. Дәл осындай өзгерістер мен күрделі сынақтарды теңге де басынан өткерді. Осындай өткелең кезеңде Сіздер – қаржыгерлер еліміздің қаржы-қаражат саясатын іске асыруда ел игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет еттіңіздер. Осындай айтулы мереке күні отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, істеріңізге сәттілік тілеймін. Тәуелсіздігіміз де, теңгеміз де тұғырлы, ғасырдан-ғасырға жетер ғұмырлы болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шара барысында Нұралхан Көшеров осы салада аянбай еңбек етіп, қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүрген қызметкерлерді Түркістан облысы әкімінің грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени, мемлекеттік-құқықтық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов бір топ қызметкерге Түркістан облысы мәслихат төрағасының грамотасын табыстады. Түркістан облысының кәсіподақ ұйымының төрайымы Кулдар Есебаева бірқатар азаматтарға Кәсіподақ ұйымының арнайы төсбелгісін тақты.
Салтанатты жиында қаржы саласындағы қызметкерлер арасында үш күнге жоспарланған сайыстың соңғы түрі – «өнер сайысы» жанры бойынша қатысушылар өзара бақ сынады. Оған кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етіп, үздіктерді анықтады. Сонымен қатар іс-шарада ҚР Ұлттық валютасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Стритбол» және «қазақша куиз» жанры бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Мерекелік шара барысында концерттік бағдарлама ұсынылды. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.