Жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылуда

Кентау қаласында орналасқан №5 жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының былтыр желтоқсан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жылу орталықтарын жаңғырту мәселесіне үлкен көңіл бөлу керектігін ескерткені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Кентаудағы жылу орталығының жұмысын бақылау үшін облыс әкімі орталық басшысымен бірге стратегиялық нысанды аралап, жұмысшылармен жүздесті. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Көмір сапасын тұрақты назарда ұстауды жүктеді. Облыс әкімі өңірдегі жылу орталықтарының жұмысын бақылау, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берді.

– Жылыту маусымына дайындық мәселесі тұрақты бақылауда болуы керек. Осындағы әрбір басшы, әрбір маман өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарса ғана ел қыстан қысылмай шығады. Жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Бірер күн бұрын мұндағы екі қазандық істен шығып, облыс әкімінің тапсырмасымен оны қалыпқа келтіруге барлық күш жұмсалды. Ақау бірнеше сағатта жөнделді. Жылу беру қазір температуралық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Орталық жылу жүйесі арқылы 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үйлер. Сондай-ақ, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.

Қазіргі кезеңде бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді болып отыр. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды олармен кездесіп, ұсыныстар талқылануда. Жаңа жылу электр орталығы – тұтынушыларға бір мезгілде электр энергиясы мен жылуды бу және ыстық су түрінде бірге өндіріп беретін бу (газ) турбиналы электр стансасы. Заманауи ЖЭО беретін жылу қызған бу немесе ыстық су түрінде таратылады. Мақұлданған жағдайда жаңа жоба жылу орталығына жақын маңнан салынады.

Жылыту маусымын сапалы өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, төрт қазандығы мен турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы бөлінген. Ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизель алуға келісімшарт түзілген. Облыс әкімі қажетті отынмен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, 1934 жылы салынған №5 ЖЭО-ның негізгі материалдық жабдықтарының 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады

ПІКІР ЖАЗУ