Қыс күшінде, малдың жайы қалай?

Қазақта «Қыс шанаңды жаз сайла» деген сөз бар. Бұл халқымыздың қай кезде де қыстан қауіп-қатер күтіп, сақтанып отыратынын білдірсе керек. Тіршілігі малмен тығыз байланысты қазақтың бұл өмір дағдысы десе де болады. Әсіресе, осы қаңтар айы мұның бекер еместігін көрсетті. Қаңтар түсісімен қалың қар жауып, арты ақтүтек боранға ұласып, елдің біраз берекесін қашырды. Жолдар жабылып, қатынас үзілді. Осы кезде алыстағы малды ауылдардың жағдайы қалай болды? Біз Созақ ауданының мал қыстату науқанына жауапты сала басшысымен осы мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.

Созақ аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірмановтың айтуынша, ауданда жұмыс істеп тұрған 895 агроқұрылымның 7-еуі – ЖШС, 30-ы өндірістік кооператив, 858-і шаруа қожалықтары. Осы – шаруашылықтарда 35 445 ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы және 14 375 түйе өсіріледі.

– Өзге өңірлерге қарағанда біздің жаққа қыс ерте түсіп, кеш шығады. Бірақ, жылдағыға қарағанда биыл қыстың қаһары қаттылау болып тұр. Қаңтар айында түскен қалың қар, апталап соққан боран жағдайды едәуір қиындатқаны рас. Бірақ, көп ұзамай, жол тазаланып, барлық бағытқа қатынас орнатылды. Ауданда орталықтан шалғайда орналасқан малды ауылдар, Қаратаудың етегінде отырған жалғыз-жарым қыстақтар баршылық. Дәл қазір тау баурайында 67 шаруа қожалығы мал қыстатып отырса, 160 агроқұрылым құмның жайылымын пайдалануда. Тауға қарағанда, құмдағы төрт түліктің қоңы жаман емес. Түгін тартсаң, майы шығатын құмды шағылдың жиегі қашанда малға жайлы. Әрі жал-жал толқындары малға ықтасын болып келеді. Сондықтан құмдағы уақ және ірі қара малдар әлі далада жайылып жүр. Төрт түлік далада жүрген соң, жем-шөп те үнемделеді. Соған қарамастан шөп «КамАЗ» көліктерімен жан-жақтан жеткізіліп те жатыр. Мұны шаруашылықтар кәсіпкерлер арқылы да, өздері де тікелей жүзеге асыруда. Қанша аламын десе де шөптен тапшылық жоқ. Былтыр аудан бойынша 191 мың тонна шөп дайындалған болатын. Сонымен қатар, 9 агроқұрылым «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы 18 тонна кебекті жеңілдетілген бағамен алды. Келісі – 72 теңге, қабы – 1450 теңге. Малдың қыста күйін сақтауға мұның да септігі аз болмауға тиіс. Сосын енді қаңтар айы да орталанып қалды. Демек, қыстан қысылмай шығуға негіз бар. Біздегі ең қашық мал қыстақтары Қыземшек, Тасты, Шу ауылдарында орналасқан. Ол өңірдегі саяқ малдар әлі де жайылымда. Мал қыстату науқанына олар отын-суларын әзірлеп, бірсыпыра дайындықпен келді. Қажетті азық-түлігін қамдап алды. Шет жайлап отырған қыстақтар Тайқоңыр, Қаратау ауылдарында да бар. Олардың бәрін де назарда ұстап отырмыз, – дейді Қайырбек Сәрсенбекұлы.

Ауа райына болжам жасайтын көнекөз қариялардың сөзіне сенсек, шілдедегі аптап ыстық бізге суық болып алты ай алты күннен соң оралады екен. Яғни қаңтар және ақпан айларында қыс қаһарына мінеді деген сөз. Осы ретте, әсіресе, тау беткейіндегі шаруалар жем-шөп қорын жасақтап, қыстан малын аман алып қалудың әрекетін жасаса дейміз.

 

ПІКІР ЖАЗУ