Инвестормен келіссөз жүргізілді

Таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды «QAZSMARTENERGO» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Сейтеновті қабылдады. Кездесу барысында өңірде энергетика тапшылығын жою, атап айтқанда, Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын кеңейтіп, қуаттылығын арттыру жолдары талқыланды.

– Кентау қаласындағы жылу электр орталығын жаңарту, кеңейту жұмыстары бойынша бірнеше инвестордан ұсыныс түсіп отыр. Біз халыққа тиімді жобаны қабылдаймыз. Жоба жүзеге асқанда тұрғындар үшін тариф төмен әрі қолжетімді болуы тиіс. Екіншіден, жобаны мұқият зерделеп барып шешім қабылдаймыз. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, нақтылай түсейік. Әділ әріптестік, адал жұмыс болғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

«QAZSMARTENERGO» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Сейтенов жобаны қысқаша түсіндіріп, компания туралы мәлімет берді. Д.Сейтенов компанияның еліміздің бірнеше өңірінде энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асырғанын, Кентаудағы жылу орталығын дамытуға әлеуеті де, мүмкіндігі де жететінін мәлімдеді. Аталған компания инвестор ретінде Кентау қаласында жылу орталығы базасында бу-газ стансасын салуды жоспарлап отыр. Қос тарап аталған жоба бойынша тағы да кездесіп, мәселені кеңірек талқылау жөнінде уағдаласты.

ПІКІР ЖАЗУ