Түркістанда «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы өтті
Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» саябағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы өтті. Спорттық шараға Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Сауран ауданы мәслихатының депутаттары, Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері, спорт саласы қызметкерлері, ардагерлер, спортшылар және белсенді жастардан құралған жалпы 200-ге жуық адам қатысып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосты.
Денсаулыққа қарай бағытталған акцияның ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслимова мен Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бүгінгі акцияға қатысып, халық саулығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік ұстанымды ілгерілетуге үлес қосып жатқан барлық азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Спорт – денсаулық кепілі. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны ең басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда.
Іс-шараның басты мақсаты
бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, облыс халқын отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады. Осы бағытта облыста салауатты өмір салтын қалыптастыратын түрлі спорттық шаралар өткізілуде. Соның тағы бір айғағы – бүгінгі «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» акциясы.
Елімізде дене шынықтыру мен спорттың мәртебесін көтеру және барынша қолдау Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Осындай бағытта ұйымдастырылған акцияға қатысушы ардагерлер мен ең жас қатысушылар және спортшы жастарына сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.