Түркістан облысында адам саудасына қарсы акция өтті

Түркістан облысы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық жастар орталығы мен “Сана сезім” қоғамдық бірлестігінің өкілдері және еріктілермен бірлесіп Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне арналған “Адам саудасына қарсы бірігейік!” республикалық ақпараттық науқанын өткізді.
Акция аясында полицейлер адамдар көп шоғырланатын жерлер мен ауқымды маңызы бар көшелерде сенім телефондары жазылған ақпараттық жадынамалар таратты. Сондай-ақ адам саудасына байланысты тәуекелдер туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған құқықтық сипаттағы кеңес беру жұмысын жүргізді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары мұндай іс-шараларды өткізу халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Әрбір азамат адам саудасына қарсы күреске өз үлесін қоса алады, егер адам саудасына қатысты күдік болса, дереу ішкі істер органдарына хабарласыңыз.
«Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдарға әсер ететін мәселені еске салады. Күш біріктіру арқылы біз қауіпсіз әлем құра аламыз. Бұл күресте әркім маңызды рөл атқара алады! – деді ҰҚҚКБ бастығы полиция полковнигі Ғ.Тұрысбеков.