Түлкібаста ағын су арналары тазалануда
Түлкібас ауданының Келтемашат ауылы мен Састөбе кентінің тұрғындары көтеріп жүрген ағын су мәселесі шешімін табатын болды. Келтемашаттағы 1200 гектар және Састөбе кентіндегі 1000 гектарға жуық алқапқа ағын су баратын Жиынбай, Жүгініс, Шыбынды каналдарының арнасы арнайы техника күшімен тазалануда. «ҚазСу Шар» мекемесінің қолдауымен іске асып жатқан жұмысты аудан басшысы Нұрлан Байғұт мамандармен бірге бақылап қайтты. Нұрлан Мархабатұлы өткен жылы елімізде болған қуаңшылық биыл тағы да қайталануы мүмкін екенін айтып, ауыл тұрғындарын ағын су мен ауыз суды үнемдеуге шақырды.
Ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын Жүгініс каналының тазалау жұмыстары толығымен аяқталды. Ал, 22 шақырымды құрайтын Жиынбай мен 4,6 шақырымды құрайтын Шыбынды каналының арнасын тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қос су нысанының тазалау жұмыстары ақпан айының соңында аяқталады деп күтілуде.
Нысандарды аралап шыққан аудан басшысы биылғы жауын-шашынның аз түсуіне байланысты жауапты бөлім басшысына суды үнемдеу туралы семинар өткізуді тапсырды. Оған қоса, суды үнемдеуге бағытталған озық технологияларды іс жүзінде көрсету керектігін айтты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі