Біржан сөз

Ұлы Абайдың “Қара сөзі”, Құлбек Ергөбектің “Сара сөзі”, Маржан Есжанованың “Маржан сөзі”, Біржан Байтуовтың “Біржан сөзі” бар да, жас ұрпақ ғибратсыз емес… Тіліп айтар, тілім деп айтар Біржан Байтуов өз ойын айтудан ешқашан іріккен емес. “Барды бар, жоқты жоқ” дейтін жігіттің бірі де, бірегейі. Ол, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаперіне “Біржан сөзін” жолдапты. Бәрекелді Біржан! Ұлтын ойлаған ұрпақ аман болсын!
Айтпақшы, “Біржан сөздің” төркінін түгел назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім…
«Қазақстан халқына» қорына ұсыныс
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы және «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев мырза!
Елімізде орын алған соңғы оқиғалар жан-дүниемізді аяздай қарып өтті. Әсіресе, тәуелсіздік жылдары жетілген, көз ашқалы бостандық пен бейбітшіліктің таңын ғана көріп өскен біз секілді жастарға айтып жеткізе алмас алапат соққы болды. Есеңгіреп қалдық. Бірақ еңсемізді түсіруге болмайтынын ішкі түйсігіміз сезіп тұр. Ел біздікі. Қазақстан басқаға емес, бізге керек. Күрмеуге келмейтін, бұдан да қиын заманда Мағжан ақын: «Мен жастарға сенемін» – деп рух беріпті. Не істемек керек?
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің мемлекет басшысы ретінде «қаңтар қасіретіне» байланысты Хабар арнасына берген сұқбатыңызды толық көрдім. Миллиондаған азаматтарымыздың көкейінде жүрген көптеген күмәнді ойларға нақты әрі тұщымды жауап бердіңіз деп санаймын. Өзім де кейбір ақ-қарасын айыра алмай тұрған мәселелерді тереңірек түсіндім. Болашаққа деген сенімім күшейіп, тың серпін алдым десем де болады.
Хош, болар іс болды. Көш жүріп кетті. Жаңа Қазақстанды құру тек мемлекет басшысының ғана емес, барша Қазақстандықтардың, әсіресе біз секілді жалынды жастардың да міндеті деп білемін. Сондықтан, сіздің тапсырмаңызбен құрылып жатқан «Қазақстан халқына» қорына мынадай ұсынысым бар.
Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың бойына ұлттық элементтерді орнықтыру аса маңызды. Өзіңіздің өткен жылы жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаңызда ұлт болып қалу үшін тарихи жадымызды қайта оятуға түрткі болатын шешімдерді нақты атап көрсеткен болатынсыз. Соның бірегейі «Ұлттық кодымызды» ояту. Осыған орай, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізге басымдық беріп оқытатын арнайы мектептер ашуды күн тәртібіне қойсақ дейміз. Ұлттық музыкамен сусындап, домбыра мен қобыз тартып, Абайдың әнін айтып, Жамбылдың жырын жаттап өскен жастар ертең елге қызмет етпей қоймайды. Елімізде бүгінгі таңда батыстың білімін, шығыстың ілімін, техниканың қырын, жеті жұрттың тілін үйрететін мектептерден көз сүрінеді. Бірақ дәстүрлі өнерімізді, салтымыз бен әдет-ғұрпымызды үйрететін мектептер жоқтың қасы екендігі көңіл құлазытады. Осы орайда біздің ұсынатын арнайы дайындаған жобамыз да бар. Өткен жылы дәл осы идеямызды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырзаға айтқанымызда, ол кісі бірден қолдау білдіріп, жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлгізіп, бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаның тікелей жетекшілігімен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылған болатын. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында бұл мектеп Шымкент жұртшылығына өлшеусіз сый болды. Дәстүрлі өнеріміздің он түрі бойынша қазір 700 ге жуық бала мектебімізде оқып жатыр. Осындай мүмкіндік Шымкенттегі өнерлі өрендерге ғана емес, бүкіл қазақ баласына туса екен деген үкілі үміт қой біздікі. Республикамыздағы барлық облыс орталықтары мен маңызы бар қалаларда бір мектептен ашылса, әрі ол Назарбаев зияткерлік мектептері секілді бір орталықтан басқарылса – жас ұрпақтың бойындағы ұлттық кодты оятудың үлкен тетігі болатын алып күшке айналар еді. Күні кешегі қаңтар қасіреті кезінде ата дәстүрінен ада, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындамаған кейбір жастардың қандай қиянаттарға болсын бара алатынын көрдік. Дәл осы кезеңде ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып ұрпақты тәрбиелеу ісін жолға қою кезек күттірмейтін мәселе деп білемін. Егер іс-сапармен түстік топырағына табаныңыз тисе, біздің мектепке де ат басын бұрып, ұлттық әдет-ғұрпымыз бен дәстүрлі өнерімізді жас ұрпаққа үйрету жолындағы жұмыстарымызды өз көзіңізбен көрсеңіз деген ниеттеміз.
Қадірлі Қасым-Жомарт аға, Жаңа Қазақстанды құру жолында ел ертеңі болар жалынды жастарға үлкен қолдау беріп, сенім артарыңызға бек сенімдімін. Ел игілігі үшін құрылып жатқан «Қазақстан халқына» қорына, төрағасы Болат Жәмішев мырзаға бұл қызметте абырой тілеймін.

ПІКІР ЖАЗУ