Түлкібас ауданында жаңа сүт өндеу цехі ашылады

Қараша айының соңына дейін Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде тәулігіне қуаттылығы 2,5 тоннаға дейін сүтті өндейтін цех іске қосылмақ.

Мемлекеттік қолдаудың шапағат көрген Бақытжан Оспанов есімді кәсіпкер өз ғимаратын толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн.теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн.теңгесі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен шығып отыр.

Бұл жерде май, қоюландырып стерилизацияланған сүт, құрт, сүзбе(творог), айран және қаймақ өңделіп, «Майтөбе сүт» деген брентпен сауда қатарларына жол тартатын болады.

Аталған кәсіпкерлік нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады.

Кәсіпкермен сұқпаттасқан аудан басшысы цех іске қосылғаннан кейін де өндірілген өнімді өткізу және шикізат жинау сынды бағыттағы жұмыстарға әкімдік тарапынан көмек беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қазіргі таңда цехтін электр жүйесін реттеу жұмыстары қалып отыр. Нысан толық іске қосылғаннан соң бұл жерде 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарамасы шеңберінде 1 млрд. 246 млн.теңгені құрайтын 189 өтінім мақұлданып, соның 1 млрд. 40 млн.теңгені құрайтын 155 жоба қаржыландырылып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ