ШЫМКЕНТТЕ НЫСАНА КӨЗДЕУДЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтеді.
10-20 қыркүйек аралығына жоспарланған құрлықтық турнир Азия ату конфедерациясы мен Қазақстан спорттық ату федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Азия чемпионатына 11 мемлекеттен 160 спортшы қатысуда. Атап айтар болсақ, Шымкент төрінде Бахрейн, Индонезия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Пәкістан, Катар, Таиланд, БАӘ, Өзбекстаннан, жалпы 120-дан астам спортшы сынға түседі.
Бүгін “Shymkent Shooting Plaza” ату кешенінде XIV Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Азия ату конфедерациясының президенті шейх Салман Әл-Сабах қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі жарыс өтіп жатқан “Shymkent Shooting Plaza” – Азия өңіріндегі ең ірі ату кешендерінің бірі.
Жарысқа қатысушы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтама берді, ресми делегация, спортшылар мен қатысушылар әр 3 күн сайын COVID-19-ға ПТР тестін тапсырады.
Турнир спорт нысанындағы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.
Аталған іс-шараны ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада Комитеті және
Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.