ШЫМКЕНТ: Тұрғын үй кезегіне тұру бойынша кеңес берілді

Шымкент қаласы Абай ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бойынша бөлім басшысы Адамбек Баймырза  біраз сала мамандарымен «Shanyraq» орталығында көпбалалы, мұқтаж аналармен  кездесу өткізді.

Кездесуге келген аналар өз қиындықтарымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Атап айтсақ,  кездесуде атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырудың қиындықтары, үй кезегіне тұру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, бірнеше көпбалалы аналардың «Күміс алқа» белгісін  ала алмай жүргені туралы  да сауал қойылды.

Кездесуде әр адамның мәселесі бойынша жеке кеңес берілді және өтініш құжатында көрсетілген мекенжайынан табылмаған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беруден бас тартылғаны айтылды. Айта кету керек,  былтырғы жылы карантин шараларына байланысты көмек мерзімі ешбір тексерусіз ұзартылып отырды, алайда биылғы жылдың басынан бастап әрбір көмек алушы отбасы мұқият тексерілуде.

Мамандар «Күміс алқа» алу мәселесіне қатысты да түсіндірме берді. Бұл марапатты алты баланың анасы болған әйел автоматты түрде ала алмайтынын, алтыншы баласы 1 жасқа толған кезде барлық балалары өзімен бірге тұрып жатса және әлдебір теріс әрекеті үшін жауапқа тартылмаса ғана берілетін белгі  екені айтылды. Аналар өз кезегінде мазалаған сұрақтарына мардымды жауап алып, алғыстарын білдіріп, тарқасты

ПІКІР ЖАЗУ