Шымбұлақтағы қар көшкінінен ресейлік келіншектің денесі табылды

Үш адам шаңғы тебу кезінде еңісті кесіп өткен. Нәтижесінде қар сырғып, үшеуі қар көшкінінің астында қалған.
Талғар асуының артында, Богданович мұздығының маңында, курорт аумағынан 1 шақырым жерде қар көшкіні болды.
Жаңа деректер бойынша, бір тонна қар астынан 34 жастағы ресейлік келіншектің денесі табылды.
Оқиғалар хронологиясы:
14:43-те – курорттың Жедел басқару орталығының пультіне қар көшкіні туралы және жапа шеккендер болуы мүмкін екендігі жайлы хабарлама келіп түскен.
14:53-те – Курорттың жедел қызметі оқиға орнына бақылау-құтқару пунктінің (БҚП) құтқарушыларын шақырды.
15:02-де – Курорттың құтқару қызметі мен БҚП құтқарушылары бірге жедел оқиға орнына келіп, қар көшкіні болған аумақты қарап шықты, іздеу шараларының нәтижесінде қаза тапқан 1 адам табылды, екі турист өз бетінше шыға алған.
15:34-те – Курорттың құтқару қызметі мен БҚП құтқарушылары бірге қаза тапқан адамды Комби-2-ге түсіріп, әрі қарай оның денесін “Шымбұлақ” базалық станциядағы “Жедел жәрдем” қызметкерлеріне тапсырау операциясын бастады.
“Шымбұлақ” тау курортының әкімшілігі қаза болған жанның туысқандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және барлық қонақтарды таудағы жүріс-тұрыс ережелеріне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Әсіресе көктемде ауа райын мұқият қарап жүріңіз және Алматы тауларындағы көшкін жағдайы туралы қалалық құтқару қызметінің ескертулерін де ескеріңіз. Жақындарыңызға өзіңіз бара жатқан бағыт туралы айтып кетіңіз және фрирайдқа бара жатсаңыз, арнайы көшкін жабдығын алуды ұмытпаңыз, – деп ескертті “Шымбұлақ” тау курортының әкімшілігі.
Бұған дейін Шымбұлақтағы қар көшкінінен бір адам қаза тапқаны туралы хабарлаған болатынбыз.