Ордабасы: ауылдың кәсіпкерлік потенциалын тиімді пайдалану қажет

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауылдық округтердегі есепті кездесуі Төрткүлде жалғасын тапты.

Есепті жиында аудан басшысы өткен есепті кезеңде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалу барысына тоқталды.

«Бүгінгі кездесуге дейін тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен өзекті мәселелерді саралап, іске асыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Кейбір ауқымды мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет. Оның өзі қосымша уақыт талап етеді. Сондықтан ауылдың өзекті мәселелері кешенді зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өз кезегімен шешімін табатын болады. Биыл жаз айында өткен кездесуде округ аумағынан 7 ұсыныс-пікір келіп түсіп, қазіргі таңда аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді аудан әкімі өз сөзінде.

Ауыл тұрғындары осыдан бұрынғы кездесулерде ауылдың мәдениет үйінің техникалық базасы туралы мәселе көтерген болатын. Аудан әкімінің тапсырмасымен 2,5 млн. Теңгеге қажетті жабдықтар сатып алынса, тұрғындар айтқан көше жол белгілері, жарықтандыру мәселесі қысқа уақыт ішінде оңтайлы шемін тапты. Бүгінде ауылдың ПМК аумағындағы электр желілері және бағаналары толығымен жаңартылды. Елді мекеннің 15 басты көше бойына жол белгілері орнатылды.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктің бірі шағын кәсіпкерлікті дамыту.

Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін аудан әкімі есепті кездесуде шаруаларды мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, әл-ауқатын жақсартуға шақырды. Осы бағыттағы жобалардың санын көбейту үшін округ әкімі мен салалық бөлімдерге нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, аудан басшысы тұрғындармен кездесуде Төрткүлдегі өзекті мәселелерді атап өтіп, шешу жолдарын баяндады.

Мәселен, Көкарал елді мекенінен жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу, Төрткүл елді мекенінің ауыз су мәселесі, Көкарал, Еңбекші елді мекендерінің ауыз су мәселесі, Көкарал елді мекенінде құрылысы тоқтап тұрған табиғи газбен қамту жөнінде сөз қозғады.

Аудан басшысының мәлімдеуінше ФАП құрылысын жүргізу 2023-2024 жылдарға жоспарланса, Көкарал, Еңбекші елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2024 жылға қаржы қарастыруға сұраныс жолданған. Ал, Көкарал елді мекенінде құрылысы тоқтап тұрған табиғи газбен қамту құрылысын қайта жандандыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қаржы қарастыруға ұсыныс берілген. Қаржысы шешілген жағдайда келер жылы құрылыс жұмыстары жүргізілмек.

Аудан әкімі Азат Әбідғалиұлы есепті кездесу соңында тұрғындарды мәселелері бойынша жеке қабылдап, жарықтандыру, ортақ жайылым, жер, газдандыру, тазалық мәселесі бойынша сұрақтарына жауап беріп, жауапты сала басшыларына халықтың мәселесін уақытылы, сапалы етіп шешуді міндеттеді.

ПІКІР ЖАЗУ