Түркістан облысының V спартакиадасы өтіп жатыр

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ересектер арасында Түркістан облысының V спартакиадасы басталды. Рухани шаһарда құрылысы қайта жаңарған Октябрь Жарылқапов атындағы стадионда спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде өтті.

Ашылу рәсімінде сөз алған Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов жарысқа қатысушы командаларды құттықтап, баршасына сәттілік тіледі.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен халық арасында бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған жарыста спорттың 8 түрінен мықтыларды анықтау көзделген. Атап айтқанда, волейбол, үстел теннисі, стритбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жүзу, қазақ күресі түрлерінен спортшылар жарыс жолына шығады. Облыстық  спартакиадаға өңіріміздің қалалары мен аудандарынан іріктелген 17 команда келген. Әуесқой спортшылар арасындағы дүбірлі дода қарашаның 14-16 аралығына жоспарланған.

Алғашқы күннің нәтижесі бойынша үш спорт түрінен жеңімпаз командалар анықталды. Жүзу спортынан үзіктер қатарында Түркістан қаласының командасы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілсе, екінші орынға Кентау қаласының спортшылары жайғасты. Ал жүлделі үшінші орынды Бәйдібек ауданының өрендері иеленді. Қазақ күресінен де үздік командалар белгілі болды. Тартысқа толы өткен белдесулер қорытындысында І орынды Ордабасы құрамасы еншілесе, ІІ орынға Түркістан қаласының командасы қол жеткізді. Шардаралық балуандар қола жүлдені місе тұтты.

Тоғызқұмалақ бәсекесінде де жеңімпаздар белгілі болды. Зияткерлер ойынында І орынды Шардара ауданы, ІІ орынды Түлкібас ауданы, ІІІ орынды Сарыағаш ауданының спортшылары олжалады.

ПІКІР ЖАЗУ