Өмірзақ Шөкеев: «Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек»
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір топ тұрғынды онлайн режимде қабылдап, өтініштері мен арыз-шағымдарын тыңдады. Тұрғындар инфрақұрылым, тұрғын үй, экология, білім және өзге де салалардағы мәселелерді қозғады.
Мәселен бәйдібектік Анарбай Талапбекұлы ауданда саябақ пен спорт кешенін салу мәселесін көтерді. Өңір басшысы бұл ұсыныстарды зерделеп, бюджеттің жағдайына қарай тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, аталған нысандардың жобалық-сметалық құндары анықталған.
Кентау қаласының тұрғыны Вячеслав Акалаев Кентаудағы Д.Қонаев көшесіндегі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтынын, құрылыс тым ұзаққа созылғанын айтып, шағымын білдірді. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Кентау қаласы әкімінің уәжін тыңдады. Оның айтуынша, 1960 жылы салынған үй толық жөнделіп, қабылданған. Тұрғындардың өтініші бойынша мердігер тарапынан қосымша жұмыстар да атқарылған. Өмірзақ Шөкеев тиісті басшылар мен қала әкіміне үйді тағы бір зерделеп, кем-кетіктері болса, реттеуді тапсырды. Сонымен бірге жалпы тапсыруға берілген нысандардың сапасын қатаң қадағалап, елге қолайлы жағдай жасау қажеттігін ескертті.
– Сіздер көтерген мәселелердің бірқатары маған таныс. Мысалы, Созақ ауданы бойынша біріншіден, жолға қатысты өтінішке айтарым, Кентау-Шолаққорған жолының құрылысы биыл аяқталады. Тиісті басқарма басшысына көз алдарыңызда тапсырма беріп отырмын. Оның сапасы да бақылауда болады. Біз бизнесті де қолдауымыз керек. Жаңа зауыттар ашылса, жаңа жұмыс орындары құрылады. Тұрғындардың әрбір өтініші назардан тыс қалмайды. Нысандар мен үйлердің құрылысына, ең бастысы сапасына мән беріп, инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек, – деді Ө.Шөкеев.
Қабылдау барысында Түлкібас, Созақ, Ордабасы ауданы мен Кентау, Түркістан қалалары тұрғындарынан өтініштер қабылданып, заң аясында түсініктемелер мен кеңестер берілді. Сонымен бірге бірқатар мәселе бойынша тиісті басшылар мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар беріліп, түйткілдер бақылауға алынды.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен барлық қала, аудан әкімдіктері мен басқармаларда және партия филиалдарында қоғамдық қабылдаулар тұрақты өтуде. Жалпы 2021 жылы Түркістан облысының атқарушы органдарына 50 мыңнан астам өтініш пен арыз-шағым, ұсыныс түсіп, 2020 жылға қарағанда азайған. Өтініштердің басым бөлігі шешімін тауып, тиісті кеңестер берілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі