“Құласам обалым үкіметке”. Ақжаулықты ана үйдің төбесіне шығуға мәжбүр (видео)

0

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылының тұрғындары байланыс желісінің нашарлығынан қорлық көріп отыр.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Жаншаева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

Тұрғындар жанайқайын депутатқа жеткізіпті. “Мобильді байланыс желісінің арқасында “өрмекші адам” боп, қарық боп қалдық” деп хабарласқан ауыл тұрғыны видео мен суреттерді жіберіпті.

Желі ұстайтын жерді іздеп, осылай біреу шатыр үстінде, енді біреулер ағашқа өрмелеп кетеді екен. Қаладағы баласымен сөйлесу үшін үй төбесінде тұрған апа “қайтейін енді, құласам обалым үкіметке” дейді,

—деп жазады депутат.

Бақыт Жаншаеваға Шеңбертал ауылынан Нағашыбай есімді ақсақал хабарласқан. Оның айтуынша, 2020 жылы қазан айында көрші Жаныс би ауылына газ желісін қосу үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалин келетін болған. Содан екі-үш күн бұрын екі ауылға Activ байланыс желісін қондырып кетіпті. Алайда интернет түгіл сетьтің өзі бірде бар бірде жоқ екен.

Аталған ауылда 1000 адам тұрады. Орта мектепте 150 бала оқиды.

Мобильді желі келді деп ауыл тұрғындары жаппай 150 мыңның телефонын алып мәз болған. Айына 3500 теңгеден абоненттік төлем төлейді,

— деп жазған депутат. Сондай-ақ ол тиісті орындардан бастаған істі соңғына дейін жеткізіп, байланыс сапасын жақсартуды сұраған.

ПІКІР ЖАЗУ