Шекара аймақтарындағы жағдай ерекше бақылауда

Түркістан облысында шегірткеге қарсы бүгінгі күнге дейін 325,09 мың гектар аумақ зерттеліп, оның 86,23 мың гектарында зиянкестің экономикалық зиян шегінен (ЭЗШ) асқаны анықталды. Қазіргі таңда 65 секторда жалпы 290 техника мен 74 су тасымалдайтын көлік жұмыс істеуде.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес және Сарыағаш аудандарындағы шекаралық аймақтарды аралап, үйірлі шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарын бақылады. Келес ауданында ошақтарды анықтауға 351 адам жұмылдырылған. Өңделген алқап көлемі – 36 285 гектар. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың айтуынша, фитосанитариялық ахуал тұрақты, ал дәрілеу жұмыстарын 116 техника жүргізуде.
Сарыағаш ауданында 175 анықтаушы жұмысқа тартылған. Бүгінгі күнге дейін 17 021 гектар жер химиялық өңдеуден өтті.
Көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтардағы жағдай тұрақты әрі қатаң бақылауда. Қауіптілігі жоғары алқаптардың ахуалын орталық штаб жанындағы арнайы жұмыс тобы қадағалайды. Жауапты тұлғаларға жедел әрекет ету бригадаларын құру тапсырылды.
Сонымен қатар егістіктерді қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Анықтаушылар санын арттыру және техникалардың толық қуатта жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.




