Келес: студенттер күні аталып өтті

17 қараша – Халықаралық студенттер күні. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпірінде бар сән-салтанатымен тойланады. Осы орайда Келес ауданында Студенттер күніне арналған «Ел ертеңі жастар» атты гала концерт өтті. Салтанатты шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысып, тың идеяларға толы студенттерді мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды халықаралық студенттер күнімен құттықтаймын. Сіздер жастық шақтың ең қызықты белесі – студенттік өмірге қадам басып, қызыққа толы күндерді бастан өткеріп жатсыздар. Бұл күндердің сіздер үшін мәңгі ұмытылмас, сағынышқа толы кезең болып қалатынына еш күмәнім жоқ. Сіздерде қазір жастық, күш, талант, білім – барлығы бар. Тек соның бәрін ұштастырып, орнымен пайдалана білу керек. Ересек өмірге білікті маман ретіндегі қадамдарыңыз бүгіннен басталатынын ескеріп жүріңіздер. Сіздерден күтеріміз көп, сол күткен биіктерден көрінсеңіздер – сіздерге абырой, бізге мақтаныш. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Аудан әкімінің орынбасары белсенді студенттерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, естелік сыйлықтарын табыс етті. Мерекелік шара барысында аудан орталығындағы №13 колледж директоры Жақсылық Қозыбаев 1 – курсқа түсіп, кәсіп иесі атануды мақсат еткен өрендерге студенттік билет табыстады. Шара соңы аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ПІКІР ЖАЗУ