Келес: ашық есік күінінде 400-ге жуық балаға медициналық қызметтер көрсетілді
Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні етіп бекітілген. Осы орайда Келес аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті. Аталмыш шара аудандық аурухананың мамандандырылған емхана бөлімінде 20 қараша күні сағат 09/00-17/00 аралығында өтіп, 18 жасқа дейінгі балаларға медицина қызметкерлері талонсыз, кезексіз, ақысыз тегін сапалы медициналық көмек көрсетті.
– Мұндай іс-шаралар ауруханамызда халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жиі ұйымдастырылуда. Өткен шара барысында Балалар хирургы 76 балаға қызмет көрсетсе, балалар кардиологы 82 балаға, отоларинголог дәрігері 42, балалар неврапатологы 53, стоматология дәрігері 37, травматолог дәрігері 11, рентгенге 50, инфекционист дәрігері 6, офтальмолог дәрігеріне 16, онколог дәрігері 5, ревматолог дәрігері 2, жалпы 380 бала дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Сонымен қатар аурухананың балалар бөлімінде емделіп жатқан балаларға арнап ертегі кейіпкерлерінің мерекелік құттықтау қойылымы көрсетілді, – деді «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Исахова.
Айта кетейік, жыл сайын 20 қараша күні барша әлем Дүниежүзілік балалар күнін атап өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1954 жылы әлем елдеріне бейбіт бауырластық күні ретінде, сондай-ақ бүтін әлемдегі балалардың есен-саулығы мен олардың өзара түсіністігін қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеуді ұсынды.