Қазақстандағы автокөлік саны 6 млн-ға жақындады

Елімізде автокөлік паркі жыл сайын ұлғайып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген көлік құралдарының жалпы саны 5,94 млн-нан асып отыр.
Бұл көрсеткіш автопарк көлемінің 6 млн межесіне таяп қалғанын аңғартады. Көліктердің басым бөлігін бұрынғыдай жеңіл автомобильдер құрайды. Қазір олардың саны 4,98 млн-ға жеткен. Яғни республикадағы барлық көліктің шамамен 84 пайызы – жеңіл көліктер.
Көлік ең көп шоғырланған өңірлер
Әдеттегідей, автокөлік саны ең алдымен ірі қалалар мен халық тығыз қоныстанған аймақтарда жоғары.
Бұл тізімде Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 731,8 мың көлік тіркелген. Одан кейін Алматы облысы келеді – өңірде шамамен 642 мың автокөлік бар. Үшінші орында Түркістан облысы орналасқан. Бұл аймақта тіркеудегі көлік саны 502,2 мыңнан асқан.
Ал келесі орындарды Астана қаласы (шамамен 454 мың көлік) мен Шымкент қаласы (332,9 мың) иеленіп отыр.
Көлік ең аз тіркелген өңірлер
Халық саны аз аймақтарда көлік те салыстырмалы түрде аз.
Мәселен, Ұлытау облысында шамамен 35,1 мың көлік есепке алынған. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 117,6 мың болса, Атырау облысында шамамен 167,2 мың көлік тіркелген.
Автопарк құрамы
Жеңіл көліктерден бөлек, елде С санатына жататын 381,6 мыңнан астам жүк көлігі бар. Сонымен қатар С1 санатындағы шағын жүк көліктерінің саны шамамен 109 мыңды құрайды.
Екі дөңгелекті көлік түрлері де бар, алайда олардың үлесі айтарлықтай үлкен емес. Қазақстанда 117 мыңнан астам мотоцикл мен мопед тіркелген.




