Интернет-алаяқтыққа қарсы ауқымды акция өтті

Түркістан облысы Сауран ауданында халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Акция аясында полиция қызметкерлері адамдар көп жиналатын орындарда арнайы брошюралар таратып, азаматтарға интернет-алаяқтардың айла-тәсілдері мен олардан қорғану жолдары туралы түсіндірді. Жалпы, 3150 адамды қамтыған бұл шарада ақпараттық- танымдық материал таратылды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері мемелекеттік мекемелерде, мешіттерде, аудандық орталық базарларда, сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында және дүкендерде ескертпелер іліп, азаматтарға онлайн алаяқтықтың қаупі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтық көбіне азаматтардың сенгіштігінен және қаржылық сауаттылығының төмендігінен туындайды. Сондықтан осындай профилактикалық шаралар азаматтардың қырағылығын арттыруға және алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі.
Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және қаржылық операцияларды тек ресми сайттар арқылы жүргізуге шақырады. Егер интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияға хабарласу қажет.