Астанада апатты жағдайда деп танылған мектеп сүріледі: Балалар қайда оқиды

 АСТАНА. KAZINFORM — Астанада № 15 мектеп-лицейдің ғимараты сүріледі. 1700-ден астам оқушы басқа оқу орындарына жіберілді, деп хабарлады елорданың білім басқармасы.

Сарыарқа даңғылы, 48/1 мекенжайында орналасқан № 15 мектеп-лицейінің 60 жылдық тарихы бар. 

Ғимараттың техникалық жағдайы әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылды. Сөйтіп мектепті бұзу жөнінде шешім қабылданған.

1709 оқушы әзірге № 56 мектеп-лицейінде (1-4 сыныптар) және дарынды балаларға арналған № 9 «Зерде» мектебінің ескі ғимаратында (5-11 сыныптар) білім алады. 

«Зерде» мектебі апатты жағдайда емес, балалар мектеп автобусымен тасымалданады», — деп хабарлады білім басқармасынан.

Олар бұзылған мектептің орнына жаңасын салуды жоспарлап отыр. Білім басқармасы құрылыс процесін қадағалаймыз деп уәде берді. 

Еске сала кетейік, 2018 жылы елордадағы көне №8 мектептің ғимараты да осылай апатты деп танылып, балалар бірнеше жыл әртүрлі білім ордасына сандалып оқуға мәжбүр болған.

Мектеп ғимараты бұзылғанымен оның орнына көпқабатты тұрғын үй салынатыны хабарланды. Ал жаңа мектепті әкімдік мүлде басқа ауданнан салып берді. 

ПІКІР ЖАЗУ