Алматыда құны 5 миллион теңгеден асатын жалған Apple өнімдері тәркіленді

 Алматыда рейд барысында 5 млн теңгеден астам жалған «Apple» аксессуарлары мен WD-40 өнімдері тәркіленді. Контрафактілік тауар иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылғы 16-19 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ҚР Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері контрафактілік өнімдерді анықтау бойынша рейд жүргізді.

Тексеру барысында Байсат көтерме-бөлшек сауда базарында «Apple» тауар белгісімен жасалған ірі көлемдегі жалған өнім партиясы әшкереленді. Жеке кәсіпкер ұялы телефондарға арналған қуаттағыш құрылғылар, кабельдер, құлаққаптар, адаптерлер және басқа да аксессуарларды өңірлерге көтерме бағамен сатып келген. Нәтижесінде шамамен 2 млн теңге тұратын 1,5 мың дана өнім тәркіленіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің (ӘҚБтК) 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Сонымен қатар дәл осы базардың жанындағы қоймалардың бірінен WD-40 (әмбебап техникалық аэрозоль) атауымен жасалған жалған өнімдердің көтерме қоймасы анықталды. Бұл жерден шамамен 3 млн теңге сомасына 2 мыңнан астам контрафактілік тауар тәркіленді. Жеке кәсіпкерге қатысты ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша іс қозғалды.

Қазіргі уақытта барлық материалдар сотқа жолданып, контрафактілік өнімдерге қарсы іс-шаралар жалғасуда.