Айдос Сарым: Қақтығыстың тоқтағаны бізге де жақсы

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлемдегі геосаяси қақтығыстар Қазақстан экономикасына ауыртпалық әкеліп жатқанын айтты. Кез келген соғыстың салдары экономикаға кесірін тигізеді, – дейді депутат.

Оның сөзінше, көптеген ел қару-жарақ өндірісіне емес, негізінен еркін сауда мен еңбек нарығына сүйенеді. Сондықтан тұрақсыздық пен санкциялар бизнесті жүргізуді қиындатып, шекаралық және сауда қатынастарын ауырлатты.

Егер біз АҚШ немесе Қытай сияқты күні-түні қару-жарақ жасап шығарсақ бір жөн. Ал негізі экономикамыз көп жағдайда сауда мен еңбек күшіне негізделген. Украина да біздің маңызды серіктестеріміздің бірі болатын. Иә, экономикамыз құлдырап кеткен жоқ, бірақ қақтығысқа дейінгі деңгейге жете алмай жатырмыз. Санкциялардың көбеюі Қазақстанға деген күдікті де арттырды, – деді Айдос Сарым.

АҚШ, Украина және Ресей. Бір бітімге келе ме?

Қазіргі уақытта қақтығыстың жаңа кезеңі басталып, екі тарап та оңай шешім қабылдай алмай отыр. Депутаттың пікірінше, соғыс жақын арада аяқталады деп айту қиын. 30 күнде соғыс аяқталмайды, – дейді ол. Оның айтуынша, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Ресей басшысымен келіссөз жүргізуге дайын екенін білдірді.

Кеше Украинамен бітімге келгендей болды, енді Ресеймен келісім жасамақ ниетте. Қақтығыс шиеленіскен деңгейге жетті. Бір қарасаң, бір тарап жеңіп жатқандай, енді бірде мүлде басқаша ойлайсың… Ешкім қайтарылып жатқан жерінен, халқына берген сөзінен тайғысы келмейді. Сол себепті өте қиын шешімдердің уақыты келді, – деп атап өтті депутат.

Айдос Сарым атысты уақытша тоқтату түпкілікті шешім емес екенін де ескертті. Атысты уақытша тоқтату – кепілдік емес, – деді ол. Депутаттың пікірінше, Қазақстан үшін соғыстың тоқтауы экономикалық тұрғыдан тиімді. Қаржы нарығындағы тұрақтылық, санкциялардың азаюы және сауда жолдарының қайта қалпына келуі ел экономикасына оң әсерін тигізер еді. Қақтығыстың тоқтағаны бізге де жақсы, – деп түйіндеді Сарым.

Кеше АҚШ пен Украина ортақ мәмілеге келді

Еске салайық, 8 сағатқа созылған Жиддадағы келіссөздің нәтижесінде Киев Вашингтон ұсынған 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысын қабыл алды. Сауд Арабиясында өткен отырысқа АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Ақ үйдің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майк Уолтц, Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак, Сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Қорғаныс министрі Рустем Умеров қатысты.

ПІКІР ЖАЗУ