“ЖСН, банк картасын ашамын”. Ресей азаматтарына осы қызметті ұсынушылар көбейді

  Интернетте Ресей азаматтарына Қазақстаннан ЖСН алу, банк карталарын ашып беру қызметтерін ұсынған хабарландыру көбейіп барады.

 Тіпті бұл қызметті бір күнде алуға болатыны да жазылған, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Қазақстандағы танымал хабарландыру сайты арқылы өз қызметін ұсынушылар қатары көбейіп барады. Олардың негізгі ұсынатындары Ресей азаматтарына Қазақстаннан банк картасын ашып беру және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға ұйытқы болу. Хабарландырудан көзіміз шалғандай, олар өз қызметін тіпті бір күнде көрсете алатынын жазған.

Экспресс К тілшілері қызмет құнын білу үшін хабарландыру бойынша көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласып көрді. Бірақ бірі қазір бұл ұсыныс өз күшін жойғанын айтса, екіншілері бағасын келісеміз ғой дегенмен шектелді.

Еліміздегі белгілі заңгер Бауыржан Сералин бұл хабарландыруға байланысты былай дейді:

“Бізде шетел азаматына заң жүзінде ЖСН алуға рұқсат берілген. Бұл — біз оған Қазақстан азаматтығын беріп қойдық деген сөз емес, оның елімізге салық төлеуші ретінде тіркелуі деп түсіну керек. Жеке сәйкестендіру нөмірі ақша айналымын жасау үшін міндетті түрде талап етіледі. Осы мәселеге екі тұрғыдан қарауға болады. Біріншісі экономикалық тұсы. Шетел азаматы ақша айналымы, тауар айналымына қатысады. Сол арқылы пайда көзінен мемлекетке салық төлейді. Бұл оң жағы.

Екінші жағы болса қазіргі санкциялармен байланысты. Яғни, Ресей азаматы өз елінде санкцияға ілінген банктердегі қаржысын алу немесе шетел асыру үшін арнайы төте жол іздеп жүр. Осы жағдайда, егер олардың жеке шотындағы қаржысы шетел асатын болса, онда біздің экономикамызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни, санкция салушы елдер Қазақстанды ресейліктердің санкцияны айналып өтуіне жол ашып отыр деген баға береді. Салдарынан бізге де екінші дәрежелі санкциялар салынуы әбден мүмкін.

Осы орайда айта кетейін дегенім, бұрындары Қазақстанда ЖСН алу үшін сенімхат жарай беретін. Ресей азаматы Қазақстандағы танысына сенімхат жазып береді, сол арқылы құжатымен ЖСН, банк шотын ашуға болатын. Қазір бұл талап күшейтілді. Менің білуімше, салық органдары адамдардың өзі келуін талап етіп жатқан сияқты. Банктерде де солай. Азаматтың өзі келуі тиіс. Егер жай ғана ақшасын шешу керек болса рұқсат беріп қалар. Ал жай ғана аудару операциялары болса оған да өз талаптарын қояды. Жауапкершілігін сезінеді, репутациясын ойлайды. Сондықтан интернет арқылы хабарландыру беріп жүргендердікі негізсіз немесе ұсақ қаржы ұйымдары арқылы қызметін жүзеге асырып жүр деген пайым жасайтын едім, — дейді заңгер.

ПІКІР ЖАЗУ