Тылсым күш пен судың емдік қасиеті туралы не білеміз?
Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың сахабасы болған. Шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған, алып денелі батыр ретінде белгілі. Деректерде таң намазын оқып отырған Үкаша атаның дұшпандарының қолынан шахид болғаны айтылады. Яғни, оның басы шабылады. Сол сәтте найзағай тұрып, ол жердегі үлкен тасты жарып, құдық пайда болады. Аспаннан түскен екі періште Үкаша атаның басын алып қашып, құдыққа түскен. Ал құдық жерасты жолдары арқылы Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады деген аңыз бар. Үкаша атаның көзі тірісінде “Қайда жерленсем бе, мейлі шахид болайын. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың қасында жерленсем екен” деген тілегі болған екен.
Қасиетті құдыққа келмес бұрын кесенеде дұға ету абзал. Үкаша ата құдығы қорықшысының айтуынша, мұнда келмес бұрын алдымен кесенеде құран оқып, дұға ету керек. Содан кейін құдыққа бет алған абзал екен. Үкаша ата кесенесі Түркістан қаласынан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан. Кесененің батыс жағында Үкаша ата құдығы бар.
“Күнәсі бар адамға құдықтан су шықпайды” деген ұғым қаншалықты рас? Қасиетті орынға келушілер кейде құдыққа тастаған шелекте су болмаса, қатты көңіліне алып жатады. Тіпті кейбірі тоқтаусыз жылайды екен. Өзін соншалықты күнәһар адам санайды. Құдық қорықшысы Серік Байболов ел арасында “Күнәсі бар адамға құдықтан су шықпайды” деген ұғымның қалыптасып кеткенін айтып отыр. Алайда ол бұрыс түсінік. Себебі құдық суын адамға Алланың берген ырзық-несібесі деп түсіну керек. Құдық басына алғаш келгендердің көбі “Маған құдықтан неге су шықпады?”, “Шелекке су қалай құйылады?” деген сұрақтарды жиі қояды екен.
Балалар құдыққа шелек тастай ала ма?
Қорықшы Серік Байболов мектеп оқушыларына құдыққа шелек тастауға рұқсат берілмейтінін айтты. Бұл тәртіптің енгізілгеніне бірнеше жыл болыпты. Себебі құдықтан су шықпаған бала оны қатты көңіліне алып қалады. Ал кейде құрдастары арасында келеке ететіндер де бар екен. Сол үшін мұғалімдерімен бірге келген оқушылар тек құдық жанындағы бөлмеде сақталған судан дәм татады. Ал егер бала жасы 13-тен асқан болса және қасында ата-анасы болса, рұқсат беріледі.