Егінді дрон бақылап, сиырды робот сауатын фермалар пайда болды

Қазақстанда агросекторды цифрландыру бойынша бірқатар өңірлер алдыңғы қатарда келеді. Олардың қатарында Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар облысы, Қостанай облысы және Жетісу өңірі бар. BAQ.KZ тілшісі саладағы цифрландырудың жаңа деңгейі жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы сауал жолдап, агросаланың мәселесіне шолу жасады.

Цифрлық технологияларды қолданатын шаруашылықтар көбейіп келеді

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 600-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі түрлі цифрлық шешімдерді пайдаланып отыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Ведомствоның мәліметінше, фермерлер жаңа технологиялардың нақты тиімділігін тәжірибе жүзінде көре бастағандықтан, цифрландыруға деген қызығушылық та арта түскен.

Салалық талдау көрсеткендей, цифрлық жүйелер ең алдымен өсімдік шаруашылығында кең таралып жатыр. Бүгінде 400-ге жуық шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолданады. Ал мал шаруашылығында 200-ден астам кәсіпорын цифрлық бақылау жүйелерін енгізді, – делінген министрлік берген жауапта.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу секторында да автоматтандыру қарқыны байқалады. Қазіргі уақытта 40-тан астам өңдеу кәсіпорны өндірісті автоматтандырылған басқару жүйелеріне көшірген.

Егін шаруашылығы – аграрлық технологияның жаңа стандарты

Өсімдік шаруашылығында цифрландырудың негізгі бағыты – дәлме-дәл егіншілік технологиялары. Бұл тәсіл фермерлерге әрбір егіс алқабының жағдайын нақты деректер негізінде бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы шаруашылықтарда GPS жүйелері, ауыл шаруашылығы дрондары, топырақ сенсорлары, аграрлық аналитикалық платформалар кеңінен қолданыла бастаған.

Осы құралдардың көмегімен фермерлер топырақтың жағдайын, ылғал деңгейін, егістің даму динамикасын және ауа райының ықпалын нақты уақыт режимінде бақылап отыра алады. Мұндай технологиялар тұқым себу жұмыстарын автоматтандыруға, тыңайтқыштарды дәл мөлшерде қолдануға және өсімдікті қорғау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнімділік өсіп, өндірістік шығын азаяды,- дейді министрліктегілер.

Мал шаруашылығында да қарқын жоғары

Цифрлық өзгерістер мал шаруашылығы секторында да айқын байқалады. Қазіргі уақытта Қазақстанның түрлі өңірлерінде 100-ден астам заманауи сүт фермасы мен шамамен 30 бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Ақылды жүйелер малдың денсаулығын, азықтану режимін және қорадағы микроклиматты автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар фермерлерге өндірістік шығындарды азайтып, өнім сапасын тұрақты деңгейде сақтауға көмектеседі,- деп мәлімдеді министрлік.

Цифрландырудың нақты нәтижесін өңірлік тәжірибеден де көруге болады Мысалы, Шымкент қаласында орналасқан «Бөрте-Милка» компаниясында өндірістің барлық кезеңі автоматтандырылған.

Компания басшысы Бөкейхан Нұралыұлының айтуынша, фермада заманауи робот техникасы кеңінен қолданылады.

Біздің фермадағы басты ерекшелік – барлық процестің толық автоматтандырылғаны. Роботтар сиырларды сауып, жем-шөп береді, ал цифрлық жүйелер малдың денсаулығын тұрақты бақылап отырады, – дейді кәсіпорын басшысы.

Қазіргі уақытта фермада 1500-ден астам ірі қара мал бар, ал тәуліктік сүт өндірісі 19-20 тоннаға дейін жетеді.

Өңдеу саласы да цифрлық технологияларға көшуде

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да автоматтандыру деңгейі біртіндеп артып келеді. Кәсіпорындар өндірістік процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттырып, шығындарды қысқартып отыр.

Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар жабдықтардың жұмысын оңтайландырып, өндіріс циклін қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда Smart-фермалар саны өсіп жатыр

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 200-ден астам smart-ферма жұмыс істейді.

Бұл шаруашылықтарда цифрлық технологиялар кешенді түрде қолданылады. Мысалы спутниктік мониторинг,дрондар арқылы егісті бақылау, сенсорлық жүйелер, цифрлық басқару платформалары. Мұндай технологиялар фермерлерге егіс жағдайын бақылауға, өнім көлемін алдын ала болжауға және басқару шешімдерін нақты деректерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді, – деп хабарлады министрлік.

Қай өңірлер цифрландыруда көш бастап тұр?

Қазақстанда агросекторды цифрландыру бойынша бірқатар өңірлер алдыңғы қатарда келеді. Олардың ішінде Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар облысы, Қостанай облысы, Жетісу өңірлері көш басында тұр.

Бұл аймақтарда автоматтандыру жүйелері, спутниктік мониторинг және жасанды интеллект элементтері ауыл шаруашылығы өндірісінің күнделікті тәжірибесіне енгізіліп отыр.

Алда қандай өзгерістер күтілуде?

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін 78 мемлекеттік қызметтің 75-і толық автоматтандырылған. Өткен жылы фермерлер мен кәсіпорындарға 674 мыңнан астам қызмет электронды түрде көрсетілген.

Министрлік жүргізген зерттеуге сәйкес,  сұраныс ең жоғары қызметтердің қатарында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеу, ветеринарлық сертификаттарды алу бар.

Бұл қызметтердің онлайн форматқа көшуі фермерлер үшін уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр, – делінген министрлік жауабында.

Сондай-ақ биыл  министрлік салалық деректердің сапасы мен ашықтығын арттыру мақсатында «Е-АӨК» цифрлық платформасын іске қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жүйе ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты деректерді біріктіреді. Субсидиялау жүйесінің ашықтығын арттырады және инвестициялық жобаларды талдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар фермерлер үшін әкімшілік рәсімдер жеңілдеп, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік арта түседі. Ал қаржы ұйымдары ауыл шаруашылығы жобаларының тәуекелдерін бағалауда жаңа цифрлық құралдарға ие болады, – деп жазылған ресми жауапта.