Қазақстандағы теміржол инфрақұрылымының тозуы: жаңа вагондар неге саланы құтқармайды?

Қазақстандағы теміржол жолдарының шамамен 60 пайызы тозған. Бұл жағдай жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігіне қатер төндіреді: апат, пойыздардың рельстен шығуы және қозғалыстың кідірісі қаупі артады. Бұған қоса, ескірген инфрақұрылым пойыздардың жылдамдығын шектеп, тасымал сапасын төмендетеді.

Осы мәселені қалай шешуге болатыны және теміржолды жаңғырту үшін қандай шаралар қажет екені жөнінде BAQ.KZ тілшісі Мәжіліс депутаттарымен сұхбаттасты.

Жылдар бойғы қаржыландыру тапшылығы

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков теміржол желісінің тозуына бірқатар себеп әсер еткенін айтады.

Біріншіден, жолдар дер кезінде жаңартусыз ұзақ пайдаланылып келеді: желінің едәуір бөлігі ондаған жыл бұрын салынған және шекті деңгейде жұмыс істеп тұр. Екіншіден, соңғы жылдары жүк пен жолаушылар тасымалы көлемі едәуір артты, бұл магистральдарға қосымша салмақ түсірді. Үшіншіден, инфрақұрылымға инвестициялар деңгейі төмен болды, сондықтан қажетті ауқымда жаңғырту жүргізілмеді, – дейді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мәселенің бір бөлігі вагондардың пайдалану мерзімін қайта-қайта ұзартумен, сондай-ақ күрделі және ағымдағы жөндеулерде ескі немесе қолданылған бөлшектерді пайдаланумен байланысты екенін атап өтті.

Мысалы, Ресейде бұрын қолданыста болған фрикциялық сынақтарды пайдалануға тыйым салу апат санын 30 пайызға азайтты, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, негізгі себеп – жылдар бойы инфрақұрылымды жеткілікті қаржыландырмау.

Заманауи технологияларды енгізу баяу әрі шектеулі болды. Саладағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейі әлі де төмен. Инфрақұрылым дамуы жүйелі емес, ұзақмерзімді стратегияға сүйенбеді. Сонымен қатар ондаған жылдар бойы теміржолдар қажетті жаңғыртусыз жоғары жүктемемен жұмыс істеді, – дейді Тұрғанов.

Кадр тапшылығы

Саладағы тағы бір түйткіл – мамандар жеткіліксіздігі. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, әсіресе жол жұмысшылары – монтерлер, тексерушілер және техникалық қызмет көрсету мамандары жетіспейді.

Күрделілікке себеп – тәжірибелі мамандардың зейнетке жаппай шығуы, бастапқы деңгейдегі төмен жалақы және бұл мамандықтардың жастар үшін тартымсыздығы. Бұған қоса, бейіндік оқу орындарының бағдарламалары ескірген, ал вахталық бригадалардың тұрмыстық жағдайы нашар. Бүгінде 800-ге жуық станция мен разъезд кеңестік кезеңде салынған ғимараттарда орналасқан, олардың 84 пайызы тозған.

Еңбекақының төмендігі мен ауыр жағдай жаппай ереуілдерге әкелді. Мұндай жағдайлар Бейнеу, Жезқазған, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында да болды, – деп түсіндірді депутат.

Олжас Құспековтің айтуынша, кадр тапшылығы әсіресе инженерлік-техникалық және жұмысшы мамандықтарында сезіледі. Негізгі себептері – кадрлардың қартайып бара жатқаны және жастардың басқа салаларға кетуі.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда жағдайды түзету үшін нақты қадамдар жасалып жатқанын атап өтті. Олардың қатарында дуальды білім беруді дамыту, колледждер мен ЖОО-лармен белсенді ынтымақтастық, жастарды тағылымдамаларға тарту және ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатыстыру бар.

Мұндай қадамдар кадрлық әлеуетті жаңартуға және заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, теміржол саласының болашақтағы дамуын қамтамасыз ететін кәсіби мамандардың тұрақты базасын қалыптастыруға жағдай жасайды, – дейді депутат.

Теміржол саласына жастарды қалай тартуға болады?

Жастарды теміржол саласына тарту үшін кешенді шаралар қажет. Депутат Дүйсенбай Тұрғановтың пікірінше, бірінші кезекте білім беру жүйесін жаңарту керек. Бағдарламалар цифрландыру, автоматтандыру және экологиялық технологияларды ескере отырып қайта жасалуға тиіс. Сондай-ақ тәлімгерлік, тағылымдама және дуальды оқыту жүйесін дамыту маңызды.

Оған қоса, еңбек жағдайы мен ынталандыру мәселесін шешу қажет. Яғни вахталық базаларды жақсарту, мансаптық өсудің айқын жүйесін құру және лайықты жалақы тағайындау туралы сөз болып отыр.

Мамандықтың беделін арттыру үшін оларды медиа арқылы кеңінен насихаттап, жастарды форумдар мен кәсіби жобаларға тарту ұсынылады.

Ал Олжас Құспеков болса, саланың болашағы жастардың қызығушылығы мен қатысуына тікелей байланысты деп санайды.

Бүгінде негізгі екпін бірнеше бағытқа қойылып отыр: кәсіби бедел мен еңбекақыны арттыру, саланы цифрлық арналар арқылы жастарға таныстыру. Сондай-ақ мансаптық бағдарламалар мен тәлімгерлік институты дамып жатыр. Стартаптарды қолдау, логистика мен көлік технологияларындағы инновациялар жастарға үлкен мүмкіндік береді, – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, теміржол саласы біртіндеп өзгеріп келеді. Ол технологиялық әрі заманауи сипатқа ие болуда. Бұл өз кезегінде жастар үшін саланы дәстүрлі мамандық емес, болашағы бар, ұзақмерзімді мансап құруға болатын салаға айналдырады.