Миллиардтар республикаға кетеді: Өскемен неге кеңестік кейпінен арыла алмай жүр?

Өскемен өткен күнмен өмір сүріп жатыр. Әлемдік корпорацияларға мырыш, титан, сирек металдар өндіретін қала әлі күнге кеңес кезеңінің мұражайын еске салады. Халық арасында “сталинка” аталып кеткен қабырғасынан сылағы түсіп жатқан үйлер, балкондары тот басқан “хрущёвкалар”, арамшөпке толы аулалар – мұның бәрі миллиардтаған табыс әкеліп отырған алып зауыттардың көлеңкесіндегі көрініс қана. Қала тұрғындары: “Егер Өскеменде “Казцинк”, ҮМЗ, ТМК және өзге де алпауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұрса, неге қаланың өзі олардың байлығын сезінбейді?» деген орынды сауал қояды. Осы мәселемен BAQ.KZ тілшісі қала әкімдігіне жүгінді.
Ақша астанаға кетеді
Әкімдік BAQ.KZ тілшісі мәселенің бюджет саясатында екенін айтып, ағынан жарылды. Негізгі салықтар – корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы – республикалық бюджетке түседі. Қалаға өнеркәсіптік кәсіпорындар төлейтін салықтың небәрі 25-30%-ы ғана қалады.
Ресми түрде бұл қаражаттың бір бөлігі облыс пен республика тарапынан трансферт ретінде қайтарылады, алайда іс жүзінде оның әсері айтарлықтай байқалмайды.
Қалада 15 мыңнан астам салық төлеуші бар екенін ескерсек, олардың ішінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан жергілікті бюджетке түсетін үлес небары 25–30%-ды құрайды. Ал республикалық және облыстық бюджетке түсетін кірістер, соның ішінде осы алып кәсіпорындардан жиналған қаражат, объективті қажеттіліктерді ескере отырып, қала қазынасына (ағымдағы және даму) трансферттер түрінде қайтарылады, – делінген әкімдіктің берген жауабында.
Басқаша айтқанда, миллиардтар Астанаға кетеді, ал қала қалған қаражатпен күн көреді.
Жиектастар мен жаяу жүргіншілер жолының бітпейтін жөндеуі
Азаматтық белсенді Роман Честных Өскеменнің мәселесі тек қаржының жеткіліксіздігінде ғана емес, сонымен қатар басқарудағы қателіктерде де жатыр деп есептейді.
Кеңес заманының бейнесін егер оған дұрыс күтім жасалса, белгілі бір деңгейде қабылдауға болады. Ондай жағдайда бұл тек қала ортасының дизайн-кодындағы ерекшелік туралы айтуға болады. Мен Берлинде де мұндай аудандарды көрдім. Оларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілсе, әдеттегідей қалыпты көрінеді. Ал ескі келбетті арзан материалдармен – сайдинг, сапасы төмен керамогранит немесе профлистпен қаптауға тырысу керісінше, жақсы нәрсе емес. Мұндай шешімдер тым арзан көрінеді, тіпті ескі сылақтан да нашар әсер қалдырады. Сондықтан мұнда ақылға қонымды әрекет ету қажет. Ал алаңдататыны – инфрақұрылым, өйткені ол едәуір ескірген және қазіргі талаптарға сәйкес келмейді, – дейді Честных.
Айтуынша, жергілікті биліктің көптеген шешімі сын көтермейді. Стратегиялық дамудың орнына – бетін ғана әрлеп бояп қою, көпір мен жолдардың орнына – ақша алуды ғана көздейтін мәнсіз жобалар.
Мен жиі қабылданып жатқан шешімдердің қисынсыздығына ғана мәселелерді жиі көтеріп жүрмін. Қисынсыз шешімдердің салдарынан қаланы күтіп-ұстауда шаруашылыққа сай көзқарас жоқ. Үнемі бордюрлер ауыстырылады, ал жаяу жүргіншілер жүретін жолға қол тимейді. Соның кесірінен жаяу серуендеу көп тұрғын үшін қолжетімсіз болып отыр. Қымбат жөндеу жұмыстары жасалғанымен, олардың ұзақмерзімді сапасына бақылау жоқ, ал шағын көшелер ондаған жылдар бойы жөндеусіз қалады. Мұның бәрі – жергілікті билікке қатысты сынның тұрақты негізі, тек мен тарапымнан ғана емес, жалпы қала тұрғындарының да пікірінен байқалады. Әрине, көпшілік сияқты мен де мұндай тәсілдердің астарында жемқорлық тәуекелдері жатыр деп күдіктенемін, – дейді белсенді.
Жаңа Салық кодексі құтқармайды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Бюджет кодексі күшіне енеді. Бірақ Өскемен үшін ол ештеңе өзгерте қоймасы анық: негізгі салық республика деңгейінде қалады. Мұны жергілікті әкімдік те растады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, ірі салықтық түсімдер – ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы республикалық деңгейде қалады. Ал жеке табыс салығы мен ірі кәсіпкерлік субъектілерінен тыс түсетін корпоративтік табыс салығы толығымен жергілікті (қалалық) бюджетке аударылады. Қазіргі таңда бұл түсімдер белгіленген норматив бойынша облыстық және қалалық бюджеттер арасында бөлінеді, – делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Бұдан былай бюджет бір емес, үш жылға жоспарланады. Теория жүзінде мұндай өзгерістер ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда қазір қала тұрғындары байқап отырғаны – тек шұңқырларды жамау мен шағын ауқымдағы абаттандыру жұмыстары: «Қазақстан» тауына жарық орнату, жағалауды жөндеу, балалар алаңдарын қою сияқты бастамалар ғана.
Қаланың көлік инфрақұрылымына 2025 жылы бюджеттің 16,3%-ы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, ал 19,1%-ы абаттандыруға бөлінген. Алайда 350 мыңнан астам халқы бар қала үшін бұл көрсеткіштер тым мардымсыз.
Зауыттардың игілігі – әлем үшін, ал тозаңы – қалаға
Парадокс мынада: зауыттар бүкіл әлемге металл өндіргенімен, өз қаласы үшін жайлы орта қалыптастырып бере алмай отыр.
Бюджеттік жүйе мұны “әділ бөлу” қағидасымен түсіндіреді: яғни ауқатты өңірлер әлсіз аймақтарды қолдауы керек. Алайда іс жүзінде астаналық қалалар жаңа жолайрықтар мен заманауи кампустарға ие болып жатқанда, Өскеменде Ертістен өтетін екінші көпірді ондаған жыл бойы күтіп отыр.
Бізде бар-жоғы бір ғана көпір бар. Оның айналасында жыл сайын миллиардтаған қаржы игерілгенімен, жаңа көпір салу қажеттілігі баяғыда туындаған. Алайда шешімдер созылып, қаражаттың қайда кететіні түсініксіз болып қалады. Бұл мәселе тек салықтардың әділ бөлінісіне қатысты емес, сонымен бірге жергілікті биліктің және қала мүддесін қорғауға тиіс мәслихат депутаттарының жұмысының тиімділігіне де тікелей байланысты, – деп атап өтті Роман Честных.
Қоғам белсендісі жергілікті биліктің өзінде қалатын қаражаттың өзі тиімсіз жұмсалады деп отыр. Қаланың келбетін жаңартуға және инфрақұрылымды дамытуға миллиардтаған қаржы бағытталудың орнына, қаражат көбіне жүйесіз жұмсалып, салдарынан тұрғындар үшін айтарлықтай нәтиже бермейді.
Қалдықпен күн кешетін қала
Бүгінде Өскемен қаласы қаржыландырудың қалдық принципімен өмір сүруде. Ел бюджетіне қомақты үлес қосқанымен, өзі әлі де “кеңестік аулалардың қаласы” күйінде қалып келеді. Астана “ақылды аялдамалар” мен “жасыл ықшамаудандар” салса, мұнда тротуарлар жөнделмей жатып, бордюрлерді қайта-қайта ауыстыру жалғасып келеді.
Мүмкін, тұрғындардың әділетсіздік туралы жиі айтуының себебі де осында шығар: зауыттар миллиардтап табыс әкелгенімен, қалаға соның аз ғана бөлігі бұйырады.