Алматыда мопед жүргізушілері бір айда 2600 рет жол ережесін бұзған

Сәуір айының басынан бері 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі мәлімдеді.
Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген сәттен бастап біз оң динамикаға куә болдық: құжаттарын рәсімдеп, тіркеп жатқан азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, Заңды елемейтіндер әлі де бар. Осы жылдың 5 сәуірінен бастап) Алматыда мопед жүргізушілері жасаған 2 мың 600-ден астам жол қозғалысы Ережесін бұзу дерегі тіркелген. 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Мопедтерді тіркеу жалғасып жатыр және әркім өз мопедін қолданыстағы ережелерге сәйкес келтіруге мүмкіндігі бар, – деді, Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары Ішкі істер министрі жариялаған Алдын алу жылында жүзеге асырылған “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізіліп жатыр.