Түркістан: акция аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді.
Бүгін еліміз бойынша «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтіп жатыр. Оның ішінде Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында аталған акция аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді.
Мақсат – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Осыған орай Түркістан облысының 17 аудан-қалаларында аталған акция ұйымдастырылуда. Облыс орталығында да бұл бойынша ауқымды шара өтті. Онда 2000-ға жуық тұрғын тегін заңгерлік кеңес алды. Өңір тұрғындарына еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік заңгерлер қажетті кеңестер берді.
Шара ҚР Үкіметінің қолдауымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ҚР Әділет министрлігінің, Республикалық адвокаттар алқасының, мемлекеттік билік органдарының және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттарының, «Zakon.kz» желілік басылымының, «Параграф» ақпараттық жүйесінің бірлесіп ұйымдастыруымен қолға алынған.
Айта кетейік, 2016-2023 жылдар аралығында еліміздің үздік сарапшылары мен мемлекеттік органдарынан 165 мыңнан астам ел азаматтары тегін құқықтық кеңес алған. Осы жылдар ішінде «Халық заңгері» науқанының ел үшін қажет екені байқалып келеді.