Президент: Туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап. 

Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды. 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес.. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

– Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көлік министрі Марат Қарабаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, «Accor» қонақүйлер желісінің ТМД бойынша бас директоры Алексис Деларофф, «Orient Finance Group» компаниясының акционері Руслан Шаекин, «PANA Group» компаниясының тең құрылтайшысы Нұржан Ниязалиев, «SkyWayTravel» туристік компаниясының директоры Әсем Қозбағарова сөз сөйледі.

ПІКІР ЖАЗУ