Қарағанды облысында 164 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
“Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы бойынша Қарағанды облысының 164 ауылы 2027 жылға дейін талшықты-оптикалық байланысқа қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бірінші кезең биыл басталады: сапалы интернет 32 мыңға жуық адам тұратын 42 ауылға тартылады.
Ұлттық жобаны іске асыру туралы облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий аппараттық кеңесте баяндады.
Біз 164 ауылды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Биыл 42 елді мекенге қоса бастаймыз, келесі жылы тағы 59 елді мекенді, 2026-2027 жылдары қалған 63 елді мекенді қамтимыз, – деді Константин Ильницкий. – Бұл ауылда, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік салаларында цифрландыруды дамытуға оң әсер етеді.
Интернет жолда да жақсы болады, деп қосты спикер. Ол үшін трассалар бойымен танымал туристік маршруттарға дейін 14 антенналық-діңгекті құрылым салынады. Жобалау басталды. Олар: Астана – Алматы, Қарағанды – Аягөз, Қарағанды – Баянауыл, Қарағанды – Павлодар, Теміртау – Нұра және Ақшатау – Ағадыр бағыттарында жүзеге асыралады.
Облыс орталығында 5G қамту аймағы ұлғаяды. бүгінгі таңда Қарағанды бойынша бесінші буынның 13 базалық ұялы байланыс станциясы орнатылды, келесі жылы тағы 45-ін іске қосу жоспарлануда.
Жоғары жылдамдықты интернет барлығына қолжетімді болуы тиіс, деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұл өзекті мәселе. Көптеген ауылдарда бұл жобаның жүзеге асуын күтуде.. Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға қажетті жұмыстардың жедел жүргізілуін және бейінді басқармаға барынша жәрдем көрсетуді тапсырамын. Интернетті ауыл мектептеріне тартуды да бақылауда ұстаңыздар. Жұмыс уақытында аяқталуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Бұған дейін Қарағанды облысының ауылдық мектептерінде жоғары жылдамдықты интернет қосыла бастағаны хабарланған болатын. Starlink технологияларының арқасында шалғай ауылдарды қоса алғанда, 42 оқу орны сапалы интернет-байланыспен қамтамасыз етілді. Шілде айының соңына дейін жоғары жылдамдықты интернет аймақтағы тағы 64 мектепте қолжетімді болады.