Келес спорт клубында 1 330 оқушы спортпен шұғылдануда
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеп, спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда өткен жылдың соңында Келес ауданында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру мақсатында «Келес спорт клубы» мекемесі құрылып, бүгінде жүйелі жұмыстарды атқарып келеді.
Өз кезегінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру мақсатында аталған мекеме басшылығына жоспар жасап, іске асуы бағытында тапсырмаларды жүктеді. Нәтижесінде құрылғанына 1 жыл толған спорт мекеснде бүгінде 1 330 оқушы спортпен шұғылдануда. Оның 73-і жасөспірім қыз балаларды құрайды.
– Бүгінде ауданымда спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, дамыту жолында жоспарлы істер атқарылып келеді. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шаралар, сайыстар және марафондар ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар тартылуда. Бүгінгі таңда клубта 45 қызметкер жұмыс істейді. Оның 31-і спорттың 6 түрі бойынша, атап айтқанда бокс, еркін күрес, қазақ күресі, футбол, ауыр атлетика және ұлттық жекпе-жек спорт түрлерінен жаттықтырады. Нәтижесінде ауылдан шыққан өрендер әлемдік ареналарда бақтарын сынып, жүлделі орындардан көрінуде, – дейді «Келес спорт клубының» директоры Алишер Мамадияров.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан тұрғындарын спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал ету және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында «Келес спорт клубына» қарасты 3 спорт кешені және 3 ашық футбол алаңшасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, слауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде ауылдық жерлерде барлық жас санаттарына бағытталған, әртүрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіліп, 2 334 жас өсірімдер қамтылды.