Түркістан: Жетісай ауданында облыстық «Мырзашөл жұлдыздары-2023» байқауы өтті

Жетісай ауданының құрылғанына 5 жыл және қала күніне орай Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының және Жетісай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Мырзашөл жұлдыздары-2023» жас эстрада әншілерінің  байқауы өтті.                           

Ән додасына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов арнайы қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. 18 үміткер байқау шарты бойынша Жетісай өңіріне арналған әндерді орындаса, екінші кезеңде өз таңдауы бойынша еркін тақырыпта ән шырқап, өз өнерін ортаға салды. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында өткен байқау мақсаты – туған жерді түлету, жастарды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу, эстрадалық ән орындау өнерін дамытып, әншілердің шығармашылығына қолдау көрсету, жаңа таланттарды елге танытып, Жетісай өңіріне арналған туындыларды халыққа кеңінен  дәріптеу.            

Мәдениет саласының үздіктері мен кәсіби музыка шеберлерінен құралған қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің мәтіні мен музыкасына, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне баса назар аударып, үміткерлердің өнерін жан-жақты бағалады. Олардың құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері, профессор, сазгер, күйші Бөрі Иса, ҚР Мәдениет қайраткері, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айжан Тәженова, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директор орынбасары Азамат Жұмабаев, ақын-сазгер Бауыржан Кеттебеков, байқаудың 2019 жылғы жеңімпазы Абылай Аманбаев бар.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жетісай ауданынан Берік Шойнға, І орын Мақтаарал ауданынан Нүркен Әшірбаев, ІІ орын Жетісай ауданынан Азаматбек Асқар мен Созақ ауданынан Айдос Әлқуатқа, ІІІ орын Төлеби ауданынан Бақдаулет Ағабек пен Сайрам ауданынан Айнабек Ернұрға бұйырды.Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен Шардара ауданынан Бақдаулет Бакир, Жетісай ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Ордабасы ауданынан Айбек Қорғанбай, «Жетісай туралы үздік ән» арнайы жүлдесімен Отырар ауданы Бекбол Орынбай, «Ең жас әнші» арнайы жүлдесімен Арыс қаласынан Аяжан Әбдутәліп, «Үздік өңделген ән» арнайы жүлдесімен Сарыағаш ауданынан Нұрлыбек Бұхарбаев марапатталды.

Сондай-ақ өзге де қатысушылар байқауға белсене қатысқаны үшін марапатталып, барша қатысушыға арнайы диплом және сертификаттар табыс етілді. Мерекелік шара әрі қарай аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласып, әуезді әндер мен күмбірлеген күйлер, мың бұралған билер көпшілікке тарту етілді.

ПІКІР ЖАЗУ