Төлеби: «АЛТЫН КҮЗ – 2023» мерекесі тойланды
Жылдағы дәстүр бойынша Төлеби ауданында «АЛТЫН КҮЗ -2023» мерекесін тойлады. Жер ананың адам баласына ұсынар мол ырыс-несібесі диқандардың таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек етуінің арқасында қамбаға құйылып, шаруалар өз еңбегінің жемісін көретін “Алтын күз” мерекелік жиыны басталмас бұрын жеңілдетілген бағамен жәрмеңке ұйымдастырылды. Ленгір қаласының орталық алаңында өткен жәрмеңкеде азық-түлік өнімдері арнайы бағамен саудаланып, ауыл шаруашылық саласының өнімдері мен өзге жетістіктері көрмеге қойылды.
Кейіннен, аудандық Мәдениет үйінің ауласында салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Төлеген Телғараев сала өкілдерін мерекемен құттықтады.
– Сіздерді, күздің молшылығымен бірге келетін дәстүрлі «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Күз мезгілі – шаруалар үшін еселей сіңірген еңбектің нәтижесін көріп, табиғаттың сарқылмас сыйының жемісін жинайтын тамаша кезең. Сондықтан болар, «Алтын күз» – алқап басында тер төккен ауыл еңбеккерлерінің мерекесі болып саналады. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты болса, СІЗДЕРДІҢ еңбектеріңіздің арқасында ауданның агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтынын ескерсек, аграрлы сектордағы жетістіктеріміз аудан еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп білемін. Облыстық «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері» күніне арналған «ALTYN KUZ -2023» салтанатты іс –шарасында Төлеби ауданы мақсары өндіруден озат аудан, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудан озат аудан номенинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, Облыстық озат жылқы шаруашылығын дамытушы номинациясымен «Бекшеге» шаруа қожалығы марапатталды, деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Мерекелік жиында аудан басшысы еңбегімен дараланған Пошан Әбілдаевқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагері” медалін, бірақатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етіп, бұл салада жетістікке жеткен ауылдық округ әкімдіктерін құттықтады. Ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген ауылдық округ әкімдері марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласында үздік атанған Бірінші Мамыр ауылдық округі – бірінші орынды иеленсе, Киелітас ауылдық округі – екінші орыннан, Көксәйек ауылдық округі- үшінші орыннан көрінді.
Айта кетерлігі, Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 10 айдың көрсеткіші бойынша 58.9 млрд. теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2.6 млрд теңгеге артты.
Биылғы жылы 65636 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, астықтан – 44652 тонна, майлы дақылдан – 12 991 тонна, картоптан – 23293 тонна, көкөністен – 31610 тонна, мал азықтық дақылдардан – 90950 тонна өнім жиналды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев ауыл шаруашылық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне Алғыс хат табыс етті.