Қазығұрт: ардагерлер үйіне 70 жыл

Ел аузындағы аңыз әңгімеде тіршіліктің бастауы басталған қасиетті мекен Қазығұрт ауданында ынтымағы жарасқан, халқының көңілі ақ қардай таза, өздерінің еңбекқорлығымен елге сыйлы өңір саналған аймақтың бірі – Жаңабазар ауылы.

Ал, осы ауылда қариялардың басы қосылып, елде болып жатқан жағдаяттарды, өңірдегі өзекті мәселерді көтеріп, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін баяндайтын, түрлі тақырыптарда әңгіме қозғалатын қымызхана деп аталатын (қазіргі Ардагерлер үйі) әдемі орта бар.

Қазыналы қариялар мен орта буын өкілдерінің, елдің болашағы саналатын жастар қауымының да ынтымағы жарасым тапқан бұл ортаның құрылғанына 70 жыл толып отыр. Осыншама уақыт аралығында бұл ұйымның мүшелері талай тындырымды тірліктердің қасынан табылып, бүгінгі буынға үлгі істерімен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Ынтымақтың ұйытқысына айналған бұл ұйымның 70 жылдық мерейтойы ерекше аталып өтілді.

Салтанатты жиынға келген елімізге танымал жандар, қонақтар атаулы ұйымның тарихынан сыр шертетін көрмені аралап, өздерінің құттықтау жылы лебіздерін, ақ тілектерін жеткізіп, мерекелік концертті тамашалады.

Қоғамдағы отбасы құндылықтарын, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауды және жастар тәрбиесін ешқашан назардан тыс қалдырмайтын бұл ұйымның тәлім берер, өнеге болар істерінің маңызы зор. Соның дәлелі, осы жиында жастар арасында ұлттық спорт ойындары түрлерінен өткізілген аударыспақ, қол күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру т.б. сайыстар болса керек.

Ауылдың аға буынын берекелі істерге біріктірген қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық сусыны болатын. Бұл дәстүрді жергілікті жұрт «қымыз жиыны» деп атайды. Бүгінде ардагерлердің апта сайынғы басқосуы жұртты татулыққа үндеуге, адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын, ел ішіндегі дау-дамайды, тұрмыстық мәселелерді шешетін, бір-біріне қырын қарап жүрген екі жақты ымыраластырып татуластыратын, ауылдың бірлігі мен бүтіндігін, берекесін сақтауға дәнекер болатын дәстүрлі жиынға айналып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ